Соңғы жылдары қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау жүйесінде елеулі өзгерістер байқалып келеді. Бұрын «балалар үйі» деп аталған мекемелер бүгінде жаңа бағытта жұмыс істеуде: мұнда отбасылық жылу сезіледі, әр балаға жеке көңіл бөлінеді, олардың өзіне деген сенімі мен өмірге құштарлығы нығая түседі. Сол сияқты, Рудный қаласындағы бұрынғы балалар үйі енді «Рудный қаласының арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі деген атауға ие болды. Жаңа атаумен бірге орталықтың мақсаты да жаңаша сипат алды. Енді мұндағы міндет тек тәрбиелеу емес, әр балаға демеу болып, бағыт-бағдар беріп, өз жолын табуына жәрдемдесу. Осы өзгерістер жайында біз орталық директоры Павел Ковальмен әңгімелестік.
– Шынында да, біздің жұмыс бағытымыз өзгерді. Өткен жылдан бастап бізде екі жаңа топ ашылды.
Бірінші топ – өмірдің қиын жағдайына тап болған балаларға арналған. Мұндай жағдайлар әртүрлі болуы мүмкін: ата-ананың қиын ахуалы, отбасындағы жанжал, не уақытша қамқорлық қажет ететін сәттер. Балалар бізде бір күннен алты айға дейін бола алады, бәрі отбасының жағдайына байланысты. Осы кезеңде қамқоршылық органдары баланың отбасы туралы шешім қабылдайды: ата-ана құқығын шектеу немесе айыру мәселесі қаралады. Егер бала отбасына қайтарылмайтын болса, ол бізде қалып, ата-анасының қамқорлығынсыз өмір сүру мәртебесін алады. Дегенмен, кей жағдайда бәрі жақсы аяқталып, балалар бірнеше күннен соң өз үйлеріне оралады.
Екінші топ – шұғыл жағдайға тап болған балаларға арналған. Мұнда отбасындағы кикілжің, жасөспірімдердің үйден кетуі, өтпелі кезеңдегі қиындықтар, ата-ананың ішімдікке салынуы немесе өз міндетін атқармауы сияқты мәселелер себеп болуы мүмкін. Мұндайда біздің орталық балаларға уақытша пана болып, қауіпсіздік пен қолдау көрсетеді.
Балалар саны да арта түсті: өткен жылы орталықтың қамқорлығында 80-нен астам бала болды. Олардың басым бөлігі өз отбасына қайта оралса, кейбірі осында тұрақты тәрбиеленуші ретінде қалды, – дейді орталық директоры.
– Қазіргі уақытта орталықта қанша бала тұрақты тәрбиеленіп жатыр?
– 128 бала тәрбиеленуде, олардың 23-і 3 пен 6 жас аралығындағы балалар. Сонымен қатар, өмірдің қиын жағдайына тап болған балаларға арналған екі топ жұмыс істейді, онда шамамен 20 бала бар. Балалар саны күн сайын өзгеріп отырады.
Біздің орталық облыстық маңызға ие мекеме. Қазіргі таңда облыс көлемінде осындай үш орталық жұмыс істейді: Рудный, Жітіқара және Қостанай қалаларында. Барлығы да осы үлгіде қызмет атқарады. Сонымен бірге ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған мекемелер де бар, мысалы, Қостанай қаласындағы отбасылық үлгідегі балалар үйі. Ал уақытша және тұрақты тәрбиеленушілерді қатар қабылдайтын орталықтар өңірде үшеу ғана, солардың ішінде біздің мекеме – ең ірісі. Басқа орталықтарда 30–40 бала тәрбиеленсе, бізде олардың саны әлдеқайда көп.
– Сонда орталық қанша балаға есептелген?
– Орталықтың жалпы сыйымдылығы – 220 бала. Бос орындар болғандықтан, бір жыл бұрын қолда бар мүмкіндіктерді тиімді пайдалану мақсатында мекеменің қызмет бағытын кеңейту туралы шешім қабылданды. Қазір облыс пен республика көлемінде балалар үйлерін оңтайландыру, біріктіру үрдісі жүргізілуде, бұл жалпы мемлекеттік саясат. Шамамен 14-15 жыл бұрын, біздің балалар үйінде 300-ден астам бала тәрбиеленсе, бүгінде (өмірдің қиын жағдайына тап болған балаларды есептемегенде) олардың саны 90-100 шамасында.
– Тұрақты тәрбиеленушілердің арасында ата-анасынан айырылған және қамқорсыз қалған балалардың саны қанша?
– Егер 20–30 жыл бұрын әлеуметтік жетімдер жалпы тәрбиеленушілердің 10–20 пайызын ғана құраса, қазір керісінше үрдіс байқалады. Қазіргі уақытта балалардың небәрі 15 пайызығана – ата-анасынан айырылған немесе бір не екі ата-анасы қайтысболған жетімдер. Қалғандары – ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар. Олардың ата-анасы бар, бірақ түрлі себептермен балаларына қамқор бола алмай отыр: денсаулық жағдайына байланысты, бас бостандығынан айыру, өмір салтының тиімсіздігі немесе ата-ана құқығынан айырылу сияқты жағдайлар кездеседі.
– Орталықтағы тәрбиелеу үдерісі қалай ұйымдастырылған? Қай бағыттарға ерекше мән бересіздер?
– Баланы дербес өмірге дайындау. Тәрбие жүйесінің барлық бағыты осыған негізделген. Балалар орталықта жүрген кезінде өзіне қажетті білім мен өмірлік дағдыларды меңгеруі тиіс. Біз оларға балалар үйінен шыққан соң ересек өмірге дайын болу керектігін үнемі түсіндіреміз. Себебі отбасында өскен балалар сияқты олардың жанында кеңес беріп, қолдау көрсететін ата-анасы болмайды. Сондықтан тәрбиеленушілеріміз өз өмір жолын өздері құрып, дербес шешім қабылдауды үйренуі қажет.
Орталықта білікті педагогтар, психологтар және қосымша білім берудің 20-дан астам маманы қызмет атқарады. Мұндай мүмкіндік өзге мекемелерде сирек кездеседі. Біз балалардың қызығушылығын дамытып, өз қабілетін әр қырынан сынап көруіне, алғашқы жетістіктеріне қуанып, жаңа бағыттарды ашуына жағдай жасаймыз. Біздің орталықтың тәрбиеленушілері қаладағы жалпы білім беретін мектептерде оқиды. Бұл – олардың қоғаммен етене араласуына мүмкіндік береді, өйткені ондай ортада өзге қарым-қатынас үлгісі қалыптасады. Қазіргі уақытта балалар Қазақстанның төрт мектебінде білім алуда, оның үшеуі Рудный қаласында орналасқан: №11, №13 мектептері мен №2 гимназиясы. Сонымен қатар кейбір тәрбиеленушілер Петропавл қаласындағы Олимпиадалық резерв мектебінде оқып жүр.
Біз әрқашан түрлі ұйымдар мен кәсіпорындардың қамқорлықтанытып, шефтік қолдау көрсету бастамасын қолдаймыз және бұл бағыттағы жұмысты тұрақты түрде жалғастырып келеміз. Орталықта мұндай жүйе 12 жылдан астам уақыттан бері тиімді түрде жүзеге асып келеді. Әр топтың өз шефтік ұйымы бар, олар Рудный қаласы мен облыс көлеміндегі түрлі мекемелер. Шефтермен демеушілердің айырмашылығы айқын: демеушілер әдетте бір реттік көмек көрсетсе, шефтер балалармен ұзақ мерзімді байланыс орнатып, олардың дамуына үнемі назар аударады. Олар тәрбиеленушілерге тек орталықта жүрген кезінде ғана емес, кейін де қолдау көрсетіп отырады.
Балалар үйін бітірген соң тәрбиеленушілер алдында көптеген жаңа міндеттер мен өмірлік сұрақтар туындайды. Мұнда жүрген кезінде олардың бар жағдайы жасалған: тұрмысы, тамағы, киімі, қолдауы бар. Ал өз бетінше өмір бастағанда жаңа орта мен қиындықтарға бейімделу оңай емес. Сол сәтте жанында бағыт беріп, қолдау көрсететін адамның болуы – олардың болашағына үлкен демеу. Осындай жағдайлардың алдын алу мақсатында біз шефтік қолдау жүйесін кеңейтіп, соңғы үш жылда тәлімгерлік жобасын енгізіп келеміз.Жобаның негізгі мақсаты – әрбір тәрбиеленушіні жеке тәлімгермен немесе ұйыммен қамту. Тәлімгер баланың балалар үйінен кейінгі өмірге бейімделуіне, жұмысқа орналасуына және өтпелі кезеңді жеңіл еңсеруіне көмектеседі. Мысалы, егер түлек педагогикалық колледжге немесе жоғары оқу орнына түсіп, кейін сол салада еңбек етсе, бұл оның кәсіби және әлеуметтік тұрғыдан орнығуын айтарлықтай жеңілдетеді.
Қазір орталығымыз аккредиттелген ұйыммен меморандум жасасып, тәлімгерлерді даярлау ісін жүйелі түрде жүргізіп отыр. Әр тәлімгер арнайы психологиялық сараптамадан өтеді, нәтижесінде баламен жұмыс істеуге рұқсат беру туралы қорытынды жасалады. Бұл – балалардың қауіпсіздігімен тұрақты қолдау алуын қамтамасыз етудің маңызды шарты.
Қазіргі таңда тәлімгерліктің оң нәтижелері де бар. Балалар жаңа мақсаттар қойып, болашаққа сеніммен қарай бастады. Бұрын біз көбіне топтық бағытта жұмыс істесек, енді жеке тәлімгерлікке басымдық беріп отырмыз.Тәрбиеленушілерді болашақ мамандыққа бейімдеу мен еңбекке орналастыруға дайындау жұмыстары түлектің оқу орнын аяқтауына бір жыл қалғанда басталады.
Біз балалармен жеке әңгімелесіп, олардың отбасы жағдайын, алдағы оқу және еңбек ету мүмкіндіктерін ескереміз. Осы мәліметтер бір жыл бойы сараланып, нәтижесінде баланың қай оқу орнында әрі қарай білім алатыны туралы шешім қабылданады. Кейбір тәрбиеленушілер 9-сыныпты тәмамдағаннан кейін мектепте қалып, 10–11-сыныптарда оқуын жалғастырады. Мұндай балалар ҰБТ тапсырып, жоғары оқу орындарына грант негізінде түсу мүмкіндігіне ие болады. Мәселен, биыл орталығымыздың 10-ға жуық тәрбиеленушісі сәтті нәтиже көрсетіп, мемлекеттік грант иегерлері атанып, қазір еліміздің түрлі жоғары оқу орындарында білім алуда. 9-сыныптан кейін көптеген түлектер колледждерге түседі. Колледжге түскен тәрбиеленушілер жатақханада немесе жастар үйлерінде тұрады. Мысалы, Қостанай қаласында мұндай жастар үйлері мен кәсіптік училищелер бар. Балалардың оқуын әрі қарай жалғастыруы мен тұрмыс жағдайы үнемі бақылауда болады. Алғашқы кезеңде біз колледж әкімшілігімен және кураторлармен байланыс орнатып, тәрбиеленушілердің бейімделуін қадағалаймыз. Демалыс күндері балалар үйге келіп, жаңалықтарымен бөлісіп, тәрбиешілерімен және достарымен жүздеседі – осылайша байланыс үзілмейді. Балалар үйінің тәрбиеленушілері мен қамқорлықтағы балалар үшін колледждер мен жоғары оқу орындарына түсу кезінде арнайы жеңілдіктер қарастырылған. Мемлекеттік тапсырыс аясында 0,1 пайыздық квота белгіленген. Мысалы, егер бір мамандыққа 100 адам қабылданатын болса, олардың бірі осы санаттағы үміткер бола алады. Бұл квота балалар үйлерінің тәрбиеленушілеріне ғана емес, қамқорлықта немесе асырап алынған балаларға да қолданылады.
Айта кетерлігі, қазіргі таңда мемлекеттік мекемелерге қарағанда, бала асырап алу мен қамқоршылық институты кеңінен дамып келеді. Егер белгілі бір мамандыққа квота бойынша басқа үміткерлер болмаса, орын автоматты түрде пайдаланылады. Ал үміткерлер саны көп болған жағдайда, шешім аттестаттағы орташа балға немесе оқу үлгеріміне қарай қабылданады. Осылайша, тәрбиеленушілер үшін белгілі бір жеңілдіктер болғанымен, жалпы қабылдау тәртібі барлық талапкерлер үшін бірдей сақталады.
– Қосымша білім беру педагогтары туралы айта кетсеңіз? Олар негізінен қандай бағыттарда жұмыс істейді?
– Біздің орталықтағы қосымша білім беру бағыттары өте кең ауқымды. Мәселен, спорт саласында балалар футбол, баскетбол, каратэ, ММА, күрес, үстел теннисі, бильярд және ауыр атлетика секілді тоғызға жуық спорт түрімен айналысады.
Сонымен қатар, шығармашылық бағыттар да жақсы дамыған: вокал, би, қолөнер, театр үйірмелері бар. Жалпы алғанда, балалар өз қабілеттерін ашуға мүмкіндік беретін он екіге жуық үйірмеге қатыса алады. Біздің мақсатымыз – балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру. Себебі бос уақыт көбейген сайын, назардың басқа жаққа ауысу қаупі жоғарылайды.
– Балалар үйі деп аталғанымен, мұндай мекемелерге қатысты қоғамда түрлі стереотиптер бар деп атап өттіңіз. Ал тәрбиеленушілер бұл туралы не ойлайды?
– Қазір қоғамда да, мектептерде де балалар үйіне қатысты ескі түсініктер біртіндеп жойылып келеді. Біз тәрбиеленушілерімізге өз өткенінен ұялмай, керісінше, үйренгені мен жетістігі үшін мақтануға үйретеміз. Біздің мақсат – тәрбиеленушілердің бойында «таңба» сезімін қалыптастырмау. Өмір әртүрлі сынақтарға толы, кейде бала отбасына оралады, кейде қайтадан жүйеге түседі – бұл табиғи процесс. Маңыздысы – балалар өз өткенінен қорықпай, болашаққа сеніммен қадам басуы.
Арай Ахмет



