Жастар арасында пайда болған «вейпинг» ағымы қазіргі уақытта тек қызығушылық емес, стиль мен өзін көрсету тәсіліне айналып отыр. Сонымен қатар, оның тартымды дизайны, тәтті хош иісі мен дәмі көптеген жастар мен жаңа шылымқорларды қызықтырып, еліктеуге мәжбүр етеді. Бұл құрылғының балалар мен жасөспірімдерге қолжетімді болып жатқаны – ең алаңдатарлық жайт. Осы тақырып төңірегінде Рудный қаласындағы психикалық денсаулықтың бастапқы орталығының дәрігері, психиатр маманы Евгений Стрельцов Александровичпен тілдестік.
– Вейпке тәуелділікті алкоголь немесе есірткіге тәуелділікпен салыстыруға бола ма? Тәуелділік қаншалықты жылдам қалыптасады?
– Электронды темекілер мен қыздырылған темекі өнімдері де тәуелділік қалыптастырады. Себебі олардың басым бөлігінде никотин бар. Никотин – адамды әрі психологиялық, әрі физиологиялық тұрғыдан тәуелді ететін зат. Тіпті кейбір мұндай құрылғылардағы никотин мөлшері кәдімгі темекіден де жоғары болуы мүмкін.
Кәдімгі темекіге қарағанда, вейп құрамында түрлі тәтті, жағымды дәм мен иіс бар. Сол себепті ол темекінің жағымсыз дәмін білдіртпей, адамның ұзақ әрі жиі «тартуына» әсер етеді. Ал қарапайым темекіге келсек, адам көбіне оны бір талын толық шегіп бітіреді де, біраз уақытқа темекіге деген қалауы басылады. Ал вейпте мұндай шектеу жоқ, оны аз-аздап, бірақ тоқтаусыз қолдануға болады. Бұл тәуелділіктің қалыптасу қаупін арттырады.
Әсер ету механизмін қарасақ, никотинге тәуелділік алкоголь мен психобелсенді заттарға тәуелділікке ұқсайды, бірақ салдары әртүрлі болуы мүмкін. Никотин мидағы «сыйақы жүйесін» белсендіріп, адамда оны қайта қолдануға деген тұрақты қажеттілік қалыптастырады.
Тәуелділіктің даму жылдамдығы никотин мөлшеріне және қолдану жиілігіне байланысты. Дегенмен вейпке тәуелділік көбіне тезірек дамиды, өйткені оның дәмі жағымды, алғашқы кезде жағымсыз сезім туындамайды. Яғни кәдімгі темекідей «үйрену кезеңі» болмайды.
Физиологиялық тәуелділік мына белгілер арқылы байқалады: ашушаңдық, ішкі мазасыздық; жүректің қатты соғуы; терлеудің артуы;бұлшықеттердің ширығуы, мазасыздықтың күшеюі.
Көп адам темекі тарту тыныштық береді деп ойлайды. Бірақ шын мәнінде бұл сезім – никотин жетіспеушілігінің белгілері уақытша азайғаннан пайда болатын жалған әсер. Яғни осындай белгілердің пайда болуы тәуелділіктің қалыптасқанын көрсетеді. Керісінше, әр шегілген вейп немесе темекі жүрек қағысын жиілетіп, мазасыздықты күшейтуі мүмкін, тіпті паникалық ұстамаларға дейін апарады. Бұл жағдай уақыт өте күшейіп, тұрақты байланыс қалыптасады: адамда «шеккен сайын қобалжу басылады» деген ой болса да, іс жүзінде керісінше – шеккен сайын мазасыздық күшейе түседі. Әсіресе психикасы сезімтал адамдарда бұл айқынырақ байқалады.
Бүгінгі таңда мұндай адамдардың саны көбейіп келеді, себебі өмір қарқыны жылдамдады, күйзеліс көбейді. Жастар арасында да, жасы үлкендер арасында да мазасыздық пен паникалық атакаға байланысты көмек сұраушылар саны айтарлықтай өсті. Бұған пандемия да әсер етті: COVID кезінде көп адам сырқаттанудан қорқып, күйзеліс деңгейі артты. Қазір де осындай шағыммен келетіндер өте көп.
– Вейп шегудің зейін, есте сақтау қабілеті және мотивацияға әсері бар ма?
– Иә, психиатр ретінде айтарым, темекі шегу, соның ішінде вейп пен қыздырылатын темекі жүйелерін қолдану да зейіннің әлсіреуіне, есте сақтау қабілетінің төмендеуіне және жалпы ойлау қарқынының баяулауына әкеледі. Бұл –никотиннің ағзаға әсер ету механизмімен байланысты.
Никотин эритроциттердің бір-біріне жабысып қалуына әсер етіп, ұсақ қан ұйындысын (микротромб) түзуі мүмкін. Олар мидың қанмен қамтамасыз етілуіне кедергі келтіреді. Ми қанмен аз қамтылған сайын, оның қоректенуі нашарлайды, нәтижесінде танымдық қабілеттер әлсірейді.Сонымен қатар никотинді ұзақ қолдану жүйке жүйесінің химиялық заттарын, яғни нейромедиаторларды тауысады. Қарапайым тілмен айтқанда, нейрондар арасындағы ақпарат алмасу баяулайды. Компьютермен салыстырсақ, оның процессоры әлсіреп, жүйе бұрынғыдай тез жұмыс істемейтіндей әсер береді.
– Вейптер жастарды, тіпті балаларды несімен тартады? Неліктен жасөспірімдер электронды құрылғыларға тез үйір болып кетеді?
– Жасөспірімдер арасында вейптің танымал болуына бірнеше фактор әсер етеді. Алдымен, кәдімгі темекіде жағымсыз дәм мен иіс болса, вейп сұйықтықтарында көбінесе глицерин және түрлі дәм мен иіс беретін қоспалар бар. Сол себепті тартқан кезде жағымды әсер береді.
Жасөспірімдер үшін – өздерін ортадағы басқа балалар сияқты көрсету, қатарластарының арасында қабылдану аса маңызды кезең. Олар достарының вейп тартқанын байқап, «мынау қалыпты ғой» деп ойлауы ықтимал. Осы жастағы қызығушылық, еліктеу сезімі, сәнге ерік беру де үлкен рөл ойнайды.
Тағы бір қауіп – нарықта сапасыз, қолдан жасалған вейп сұйықтығы жиілеп кетті. Мұндай өнімдердегі ароматизаторлар мен қосымша химиялық заттар никотиннен де зиян болуы мүмкін. Вейп құрамындағы глицерин мен пропиленгликоль қыздырылғанда канцерогендік заттарға айналады, яғни рак қаупін арттыратын элементтер түзіледі. Тәтті дәм мен жағымды иіс сезілсе де, осындай қоспалар денсаулыққа әлдеқайда қауіпті. Қорыта айтқанда, вейптің жағымды дәмі мен иісі, сәнге еру, құрдастар ықпалы балалар мен жасөспірімдерді тартады. Бірақ дәл сол «тәтті түтіннің» артында елеулі қауіп бар.
– Вейп дамып жатқан миға қалай зиян тигізуі мүмкін?
– Өте маңызды сұрақ. Адамның жүйке жүйесі бірнеше кезеңмен дамиды. Ең алғашқы күрделі кезең – ана құрсағында. Ал екінші аса маңызды кезең – шамамен 18 жасқа дейінгі уақыт, бұл кезде мидың негізгі құрылымдары қалыптасып, белсенді дамиды. Осы кезеңде кез келген зиянды зат, мейлі ол никотин болсын, алкоголь болсын, немесе басқа психобелсенді заттар – баланың миына кері әсерін тигізеді. Нәтижесінде жасөспірім өзінің қабілеттеріне өзі зиян келтіреді: есте сақтау, ойлау, зейінді шоғырландыру қабілеті төмендейді. Бұл өзгерістер уақытша емес. Кей жағдайларда олар өмір бойына сақталуы мүмкін, яғни ми қызметіндегі бұзылыстар қайтымсыз болуы ықтимал.
– Тәжірибеңізден мысал келтіре аласыз ба?
– Мен қабылдайтын пациенттер көбінесе 18 жастан бастап келеді, сондықтан жасөспірімдер бұл мәселемен сирек жүгінеді. Дегенмен тәжірибемде жиі кездесетін жағдай – адамдар темекіні тастағысы келіп, бірақ «вейп зияны аз» деп ойлап, электронды темекіге көшуі. Алайда шын мәнінде бұл әдіс көмектеспейді, керісінше жағдайды ушықтырады. Темекінің орнына вейп қолдана бастаған адам кейін тіпті жиірек никотин тұтынатын болады. Яғни тәуелділік жойылмайды, тек формасы өзгереді.
Кей науқастарда вейпке көшкен соң, ақыры темекі мен вейпті қатар қолдана бастағанын байқадым. Соңында олар никотинді толық тастағысы келгенде, ешқандай алмастырғыш құралға жүгінбей, тек өз ерік күшімен ғана түбегейлі тоқтауға мәжбүр болады.
– Ересектер үшін зиянды әдеттен қалай құтылуға болады? Ең тиімді тәсілдер қандай?
– Тәуелділіктен арылу үшін алдымен психологиялық тәуелділікпен жұмыс істеу қажет. Өйткені никотинге тәуелділіктің негізгі бөлігі – адамның «қазір шегу керек» деген ойына, әдетіне байланысты. Көп адам күйзеліске түскенде немесе жүйкесі тозған сәтте темекі не вейп тарту арқылы жеңілдеймін деп ойлайды. Бірақ уақыт өте келе никотиннің өзі керісінше мазасыздықты күшейтеді, стресс деңгейін арттырады. Осылайша адам бір жағына шығу қиын тұйық шеңберге түседі. Осы оймен күресу маңызды. Ол үшін маманға – психиатрға немесе психологқа жүгінуге болады. Сонымен қатар тәуелділіктен арылуға арналған кәсіби кітаптар да бар: «Темекіні қалай тастауға болады», «Оңай жолмен тастау» секілді. Онда жаттығулар, оймен жұмыс істеу тәсілдері берілген. Мұнда тәртіп, тұрақтылық, өз-өзіңе бақылау қажет.
Алдымен адам өзінде тәуелділік бар екенін мойындауы керек. Бұл жай әдет емес, емді қажет ететін мәселе. Мысалы, бір ай бойы темекі шекпей жүріп, кейін «аздап көрейін» деп қайта шексеңіз, тәуелділік өте тез оралады. Себебі мидағы «никотин–қуаныш» байланысы бұрыннан қалыптасқан.
Яғни бір рет темекіні тастау – толық айығу дегенді білдірмейді. Егер қайта шегуге тіпті аз да мүмкіндік берсеңіз, тәуелділік қайтадан күшейіп, бұрынғыдан да мықты болып оралады. Осыны түсіну – емдеуде табысқа жетудің жартысы.
– Ал никотин алмастырғыштары, спрейлер қаншалықты нәтиже береді?
– Егер адам ұзақ жылдар бойы темекі шеккен болса, бірден бас тарту кейде қиын болуы мүмкін. Мұндай жағдайда никотинді жабыстырғыштар немесе шайнайтын резеңкелер қолданылады. Олар өкпе арқылы түтін жұтудан гөрі қауіпсіздеу, себебі никотин тері арқылы немесе ауыз қуысы арқылы түседі. Бірақ бұл тек қысқа мерзімді көмек.
Мысалы, күніне екі коробка\қорап темекі шегетін адамға жабыстырғышты қолдану пайдалы болуы мүмкін, бірақ оны айлар бойы жалғастыруға болмайды. Соңында бәрібір психологиялық тәуелділікпен жұмыс істеу керек.Әрине, адам бұл кезеңнен жалғыз өзі өте алады, бірақ ол өте қиын жол. Маманның қолдауы – жеңілірек әрі нәтижелі әдіс.
– Жасөспірімнің вейп қолдана бастағанын қалай байқауға болады?
– Көбіне ең бірінші байқалатын белгі – иіс. Вейптің иісі киімде, шашта, тіпті бөлмеде қалады. Әдетте жағымды, тәтті иіс болады, оны жасыру қиын. Сондай-ақ вейпті сақтайтын жер керек. Кейбір ата-аналар, өкінішке қарай, вейптің зияны жоқ деп ойлайды. Мұның бәрі жарнама мен дұрыс емес ақпараттың әсері.
– Ал мінез-құлықтан қандай өзгерістер байқауға болады?
– Ұзақ уақыт қолдана бастағанда жасөспірімдерде мазасыздық, себепсіз қобалжу, тіпті паникалық шабуылдар болуы мүмкін. Бала кенеттен тым эмоционалды, жылауға бейім немесе керісінше ашушаң, агрессивті, шамадан тыс қозғалмалы болуы мүмкін. Анық бір ғана тәсілі жоқ, бірақ мінездің түсініксіз өзгеруі – дабыл белгісі. Ең қарапайым белгі – ерекше, тәтті, күшті иістің жиі сезілуі.
– Мұндай жағдайда ата-аналарға қандай кеңес бересіз?
– Ең алдымен – өзіңіз үлгі болуыңыз қажет. Егер ата-ана темекі шекпесе немесе вейп қолданбаса, бала да сол жолды таңдайды. Екіншіден, балаға ашық және түсінікті түрде әңгімелесу керек. Егер ата-ана бұл зат туралы жеткілікті білмесе, алдымен өзі ақпаратпен танысуы маңызды: вейптің не екенін, оның зиянын, қауіптілігін түсіну керек.
Тек медицина тұрғысынан емес, қауіпсіздік жағынан да айтуға болады. Соңғы жылдары вейптер жиі қолмен жасалады, сапасыз құрылғылар кездеседі. Мұндай құрылғылар қыздыру элементтеріне байланысты жарылуы мүмкін. Әлемнің әр елінде вейптің жарылып, адамдар зардап шеккен жағдайлары тіркелген – осындай мысалдар балаға жақсы ескерту бола алады.
Егер балада никотинге тәуелділік байқалса, ата-аналар бізге, мектеп психологына немесе психиатрға жүгіне алады. Көмек толықтай ерікті түрде, балаға және отбасыға ыңғайлы форматта көрсетіледі.
Жанарай РҮСТЕМҚЫЗЫ