Рудный қаласында жаңа оқу жылы қарсаңында аз қамтылған отбасылардың балаларына көмек көрсетуге бағытталған «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы жалғасуда.
Виктор Ионенконың айтуынша, өткен жылы осы бастама аясында 24 миллион теңгеден астам қаражат жиналып, көптеген оқушы оқу үшін қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Биыл акция 1 тамызда басталып, 30 қыркүйекке дейін жалғасады. Алайда қазіргі таңда 8 миллион 254 мың теңге жиналған.
Әкімнің айтуынша, балаларға көмек 1 қыркүйекке дейін қажет, сондықтан ол кәсіпорын басшыларын, білім беру ұйымдарын, кәсіподақтарды, ата-аналар комитеттерін және еңбек ұжымдарын қаражат жинауға белсенді қатысуға шақырды.
«Бүгінгі күні баланы мектепке дайындау үшін 80 мыңнан 150 мың теңгеге дейін қаржы қажет. Ешбір бала қолдаусыз қалмауы тиіс. Бизнес, қоғам және ата-аналар күш біріктіріп, ортақ іске үлес қосуы маңызды», – деп атап өтті қала басшысы.
Барлық мектептерде көмекке мұқтаж балалардың тізімдері жасақталған, сондықтан қиын жағдайға тап болған әр отбасы қамқорлық пен қолдау алуы қажет.