«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы басталды

8 сәуірде еліміздің жастар ресурстық орталықтары мен ұйымдарының бастамасымен республикалық экологиялық акциясы басталды. Ауқымды экологиялық науқан бес аптаға созылады және оның  әр аптасы белгілі бір тақырыпқа арналады, деп хабарлайды  ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі.

Сәуірдің 13-іне дейін өтетін алғашқы апталықтың атауы — «Таза өлке».

Апталық барысында елді мекендердің тұрғындары, қоғам белсенділері, мекеме, кәсіпорын қызметкерлері іргелес аумақтар мен аулаларды тазартады.

20 сәуірге дейінгі апталық «Киелі мекен» деп аталады. Бұл апта тарихи-мәдени ескерткіштердің аумағын абаттандыру жұмыстарына арналады.

Сәуір айының 27-сіне дейін «Жасыл аймақ» тақырыбымен өтетін апталық ағаш көшеттерін отырғызу, көшеттерді әктеумен ерекшеленеді.

4 мамырға дейінгі кезең «Өнегелі ұрпақ» деп аталып, ардагерлердің аулалары мен қарттар үйінің аумақтарын тазалауға және абаттандыруға арналады.

«Мөлдір бұлақ» деп аталатын соңғы, бесінші аптада су қоймаларының айналасы, өзен-көлдер қоқыстан тазартылады.

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов өз Instagram әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында су тасқынынан кейінгі негізгі міндет – табиғи апаттың салдарын жою, еліміз бен жерімізді көркейту жайында пікір білдірді.

«Қостанай облысы да акцияға қосылуда. Бүгіннен бастап, біздің өңірде де «Таза Қазақстан» науқаны қолға алынатын болады. Бұл шара аймағымызды тазалаумен ғана шектелмей, тарихи жәдігерлерімізді қайта қалпына келтіріп, құнттауымызға себепші болмақ.  Табиғи апат, зілзаладан кейін елдің еңсесін тіктеп, қалыпты өміріне қайта келуі үшін, қазақ халқы ежелден «асар» ұйымдастырған. Бүгінгі күні ескі дәстүрімізді жаңғыртып, елімізді көркейтуге күш біріктірер кез келді. Сүйікті мекенімізді таза әрі жайлы етуге ұмтылу – әрбір тұрғынның борышы»,- деді облыс әкімі.

Рудныйда алғашқы сенбілік Тобыл өзенің жағалауында өтті. Еріктілердің күшімен 10 тоннаға жуық қоқыс шығарылды. Келесі жалпықалалық сенбілік 11 сәуір сағат 14:00-де ұйымдармен кәсіпорындардың іргелес және бекітілген аумақтарын тазарту бойынша өтеді. Қала әкімдігі барша тұрығындарды, ПИӨК және МИБ өкілдерін, жеке дүкендердің, сауда қызметкерлерінің өз аула аймақтарында тазалау жүмыстарын жүргізуге шақырады.

Гүлім МҰРАТ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *