Рудныйда Кейкі батырдың 155 жылдығына арналған тағылымды кеш өтті
Өткенін білмегеннің болашағы бұлыңғыр демекші, ұлттық тарихымызды дәріптеп, батырларымыздың ерлігін жас ұрпақ санасына сіңіру – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі.
Осы мақсатта қалалық Мемлекеттік тілдегі кітапханада қазақтың даңқты ұлы, ұлт-азаттық көтерілістің қас батыры әрі мергені Кейкі Көкембайұлының 155 жылдығына арналған «Ерлік сағаты» атты ауқымды іс-шара өтті. Шараға Рудный қаласындағы Міржақып Дулатұлы атындағы жалпы білім беретін мектебінің 8 «В» сынып оқушылары арнайы қатысып, батырдың ғибратты ғұмыры мен теңдессіз мергендік тактикасы жайлы құнды да тың деректерге қанық болды.
Кеш барысында 8-сынып оқушысы Айша Талғатова көпшілік алдында батырдың ерлік жолы туралы өте мазмұнды әрі қызықты баяндама жасады. Іс-шарада тарихтың қатпарлы беттері парақталып, батыр басының туған елге оралуы мен Амангелді ауданына қарасты Тасты ауылында бой көтерген зәулім кесененің рухани маңызы кеңінен талқыланды. Жай ғана лекция форматымен шектелмей, ұйымдастырушылар жасөспірімдердің назарын аудару үшін арнайы бейнероликтер көрсетіп, танымдық ойындар өткізді. Осының арқасында оқушылар батыр бейнесін саналарында айқын жаңғырта алды.
Бұл маңызды жиынды ұйымдастыруға кітапхана ұжымы үлкен жауапкершілікпен қарап, дайындық жұмыстарына 3-4 күн уақыт арнаған. Мемлекеттік тілдегі кітапхананың кітапханашысы Айнагүл Шаймелденова іс-шараның мән-маңызына тоқталып өтті:
– Негізгі мақсатымыз – жас буынды батырдың өмірімен, оның көрсеткен ерен ерліктерімен таныстыра отырып, олардың бойындағы патриоттық сезімді ояту. Балаларды қызықтыру үшін атаулы күндер мен мерекелерді байланыстырып, іс-шараларды түрлі форматта: ерлік сағаты, танымдық ойындар, саяхат түрінде өткізуге тырысамыз.
Кітапханашының айтуынша, балалар шара барысында тек тыңдаушы болып қоймай, белсенділік танытқан. Оларға батыр өмірінен қысқаша рефераттар оқылып, танымдық сұрақтар қойылған. Кейін оқушылар басқатырғыштар мен сөзжұмбақтар шешіп, алған білімдерін бекітті. Кітапхана қорында батырға қатысты құнды әдебиеттердің мол екені де таныстырылды. Олардың қатарында Серік Тұрғынбекұлының «Кейкі батыр» дастаны, Ақан Нұрмағанбетовтің «Құлан ажалы» кітабы және түрлі энциклопедиялар бар.
Шарадан ерекше әсер алғандардың қатарында Жахаң атындағы мектептің 8 «В» сынып оқушысы Айгерім Төребекова де бар. Ол өзінің алған әсерімен және мектептегі қызықты өмірімен қуана бөлісті. Оның айтуынша, бұл күні кітапханаға мектептен барлығы 21 оқушы, сондай-ақ мектеп директоры мен мұғалімдер арнайы шақыртумен келген.
– Кейкі батыр туралы бұрыннан да білетінмін, бірақ бүгінгі кеште өзім үшін көптеген жаңа ақпараттар алдым. Әсіресе, оның ұлт-азаттық көтерілісінде жасаған ерліктері, кішкентай кезінен-ақ ерекше бала болып өскені таңғалдырды. Тіпті, анасы оны құрсағында көтеріп жүрген кезде-ақ баласының ерекше тұлға болатынын іштей сезген екен. Бұл маған қатты әсер етті. Үстел үстінде арнайы қойылған кітап көрмесіндегі әдебиеттерден де батыр туралы қысқаша мәліметтермен таныстық, – дейді Айгерім.
Белсенді оқушы кітапханада бұған дейін де өткен түрлі іс-шараларға қатысып жүргенін, мұндай басқосулар адамның рухани баюына үлкен мүмкіндік беретінін атап өтті. Айгерімнің өзі тарих және әдебиет пәндерін ерекше жақсы көреді, өзін гуманитарлық бағытқа жақынмын деп санайды. Дегенмен, ол 11-сыныпты аяқтаған соң медициналық университетке оқуға түсуді мақсат етіп отыр.
– Мектепте сабақтар өте қызықты өтеді. Мұғалімдеріміз түрлі креативті ойындар мен әдістерді жиі қолданады. Мектебімізде осыған дейін Алаш арысы Міржақып Дулатұлына қатысты республикалық сайыс өткен болатын. Одан бөлек, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы, ұлы ақын Абай Құнанбайұлы туралы да көптеген танымдық шаралар ұйымдастырылып тұрады. Біздің болашағымыз олардың өткенімен тығыз байланысады, сондықтан мұндай шаралардың тигізер пайдасы үлкен. Сол үшін тарихи тұлғалардың өмірбаянын оқып, білу қажет деп ойлаймын, – дейді жас оқушы.
Тарихын таныған ұрпақтың тамыры тереңде болары сөзсіз.
Жанарай РҮСТЕМҚЫЗЫ,
суретті түсірген Даниил САЕНКО