Рудный қаласының №13 кітапханасында Алтынсариннің 185 жылдығына арналған конференция өтті
Кемеңгер ағартушы, ұлт ұстазы Ыбырай Алтынсариннің асыл мұрасы – уақыт өткен сайын маңызы арта түсетін рухани қазына. Жақында №13 кітапхана филиалының ұйымдастыруымен өткен «Ыбырай Алтынсарин: жүрек пен ақылдың үні – жас ұрпаққа өнеге» атты әдеби-танымдық конференция осы құндылықтарды жастардың санасына сіңіруді мақсат етті.
Бұл жолғы жиынның ерекшелігі – дәстүрлі кітапханалық формат пен заманауи технологияның үндесуінде. Іс-шара барысында жасанды интеллект (ЖИ) мүмкіндіктері кеңінен қолданылып, қатысушы-студенттер ұлы ұстаздың шығармашылығын жаңа қырынан таныды. Мәселен, ЖИ арқылы дайындалған бейнематериалдар мен интерактивті тапсырмалар жастардың тақырыпқа деген қызығушылығын оятып, танымдық деңгейін арттыра түсті.
Кітапханашы Күнсұлу Кушманованың айтуынша, дайындық жұмыстары небәрі екі күннің ішінде тыңғылықты атқарылған.
– Іс-шараның мақсаты – жастарды білімге, ізденіске және ұлттық құндылықтарға баулу. Ыбырай Алтынсарин тек ұстаз ғана емес, ол – ұлттың рухани шамшырағы. Ыбырай кез келген әңгімесінде шәкірттерді адал, шыншыл, еңбексүйгіш болуға, қадірлеуге, жақсы мінез-құлыққа баулиды. Халқын сүю, махаббат, мейірім, ана мен бала мейірімі, перзенттік парыз сияқты өмірдің өзекті мәселелерін қамтиды. Сондықтан біз олардың саналы, білімді, тәрбиелі болып қалыптасуына үлес қосуды басты міндетіміз деп санаймыз. Жастарымыз әрдайым білімге ұмтылып, Ыбырай атамыздың жолын жалғастыра берсін деп айтқым келеді.
Ұйымдастыруға көп уақыт кеткен жоқ. Екі күннің көлемінде дайындықты бітірдік. Cабағымызда жасанды интеллект қолданылды. Оқушылар топқа бөлініп, әртүрлі сұрақтарға жауап беріп, Ыбырай Алтынсариннің өзекті мәселелері, әңгімелері мен шығармаларын қарастырды, – дейді ол.
Жиынға Ыбырай Алтынсарин атындағы Рудный әлеуметтік-гуманитарлық колледжінің бір топ студенті қатысты. Болашақ педагогтар ұлы ұстаздың түрлі туындыларын талдап, еңбексүйгіштік пен адалдықтың мәнін ашты.
Конференция үш маңызды кезеңді қамтыды. Бірінші кезең – сұрақ-жауап. Екінші кезең – бейнероликпен танысу. Сонымен қатар кітап көрмесі ұйымдастырылды. Кітап көрмесінен кейін жасанды интеллект арқылы дайындалған бейнематериал көрсетіліп, сол бойынша студенттерге тапсырмалар берілді.
– Өскелең ұрпаққа осындай мүмкіндіктер жасап отырған кітапханаларға алғысымыз шексіз. Бүгінгі шараға 25 оқушы қатысып, тағылымды ой түйді. Бұған дейін де түрлі жиындардың куәсі болғанбыз, сондықтан осындай пайдалы бастамалардың жалғасын тапқанын қалаймыз. Ұлы тұлғалардың шығармаларын оқу арқылы студенттер білім мен тәрбиенің маңызын ұғына түседі. Қазіргі цифрландыру заманында жастар кітапты көбіне онлайн форматта оқитыны жасырын емес. Тіпті, жасанды интеллект көмегіне сүйеніп, Алтынсарин мұрасын жан-жақты зерттеп жүргендері қуантады, – деп әсерімен бөлісті Рудный әлеуметтік-гуманитарлық колледжінің қазақ тілі және әдебиеті пәнінің оқытушысы Ақмарал Абубакирова.
Жиын соңында қатысушы студенттер де өз әсерлерімен бөлісіп, шараның жоғары деңгейде өткенін атап өтті. Болашақ мамандардың пікірі ұстаздар қауымының пайымымен үндесіп жатты.
– Бұл конференциядан біз өзімізге қажетті тың ақпараттарды мол жинадық. Меніңше, мұндай бастамалардың маңызы өте зор. Өкінішке қарай, қазіргі жастар кітапханаға сирек бас сұғады. Сондықтан нағыз ілімнің қайнар көзі кітапта екенін жас ұрпаққа ұғындыру үшін осындай іс-шаралар жиі ұйымдастырылуы тиіс. Өз басым мұндай кездесулерге үлкен қызығушылықпен қатысамын. Атамның ұстаздық жолын қуып, мен де осы саланы таңдадым. Қазіргі таңда №14 мектепте іс-тәжірибеден өтіп жатырмын. Колледжді тәмамдаған соң, математика пәнінің мұғалімі ретінде еңбек етуді жоспарлап отырмын, – дейді 3-курс студенті Ансар Ануар.
Сондай-ақ, тағы бір қатысушы, 3-курс студенті Вероника Курбанова Ыбырай мұрасының бүгінгі таңдағы мотивациялық күшіне тоқталды:
– «Кел, балалар, оқылық!» деп барша қазақ баласын білімге үндеген Алтынсарин атамызға арналған шара өте тартымды өтті. Әсіресе, интеллектуалдық ойындар бізге ерекше серпін беріп, оқуға деген құлшынысымызды арттырды. Мұндай жиындар өз тарихымыз бен мәдениетімізді, терең тамырлы дәстүрімізді тануға шақырады. Бүгінгі таңда балаларды кітапқа қызықтырудың жаңа тәсілдерін іздеу керек. Мысалы, кітаптағы оқиғаларды мультфильм форматында ұсынып немесе ең қызықты тұстарын шебер жеткізу арқылы олардың оқуға деген құштарлығын оятуға болады.
Кітапхана тек кітап оқитын орын ғана емес, нағыз рухани орталыққа айналған.
– Биылғы жылы бекітілген жоспар бойынша көптеген маңызды іс-шаралар жүзеге асты. Біздің базамызда «Аналар мектебі» тұрақты жұмыс істейді. Сонымен қатар «Алтын домбыра» үйірмесінің мүшелері, колледж студенттері және №7 мектеп оқушыларының қатысуымен бірнеше танымдық кештер ұйымдастырылды. Ұлттық салт-дәстүрлерімізді насихаттау мақсатында әжелер ансамблімен бірлесіп «Әжелер сайысын» өткіздік. Қоғамдық маңызы бар мәселелер, соның ішінде нашақорлықтың алдын алу бағытында да профилактикалық жұмыстар жүргізілді, – деп түйіндеді Күнсұлу Абдуллаевна.
Алдағы уақытта кітапхана ұжымы 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне, 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне және 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күніне арналған салтанатты жиындар өткізуді көздеп отыр.
Жанарай НҰРМАХАНБЕТ,
суретті түсірген Даниил САЕНКО