Жарқыра, Рудный, жарқыра!

Биыл қала күні қалай атап өтіледі?

 23 тамыз Рудныйда қала күніне арналған ауқымды мерекелік іс-шаралар өтеді. «Жарқыра, Рудный!» атты ортақ ұранмен ұйымдастырылатын мереке тұрғындар мен қонақтарды түрлі мәдени, спорттық және ойын-сауық бағдарламаларымен қуантпақ. Бұл күндері қала көшелері, саябақтары мен алаңдары нағыз мереке алаңына айналады.

Алғашқы күннен-ақ қала тұрғындары мен қонақтары мәдени-спорттық шараларға куә болады. Қаланың тарихы мен болашағын дәріптейтін көрмелер, жастарға арналған шығармашылық алаңдар, сондай-ақ түрлі спорттық жарыстар ұйымдастырылып, мерекелік көңіл-күй қалыптасады.

Қала күні бағдарламасы таңертеңнен кешке дейін жалғасып, бірнеше бағыттағы іс-шараларды қамтиды.

Сағат 11:00-де жаңа «Sokol» және «Sarybay» спорт кешендерінің ресми ашылуы өтеді. Бұл қаладағы дене шынықтыру мен бұқаралық спортты дамытуға үлкен серпін беретін маңызды оқиға болмақ. Ашылу рәсімінен кейін спорт кешендерінде волейбол, баскетбол, дзюдо және қазақша күрестен қалалық турнирлер ұйымдастырылады. Жергілікті спорт сүйер қауым бұл жарыстарды тамашалап қана қоймай, қала спортының жаңа деңгейге көтерілгенін өз көзімен көреді.

12:00–15:00 аралығында «Достық» саябағында дәстүрлі «Family-Fest» фестивалі өтеді. Бұл алаң отбасылық демалыс пен ұлттық дәстүрді ұштастырған ерекше форматта ұйымдастырылады. Қонақтарды шығармашылық шеберханалар, ұлттық ойындар, жәрмеңке және қызықты «Біз – команда!» атты отбасылық квест күтеді. Балалар аквагрим жасап, түрлі ойындарға қатысса, ата-аналар мәдени демалысқа атсалысады.

15:00-де Космонавтар даңғылы «ArtQala» мәдени жобасының орталығына айналады. Ашық аспан астында суретшілердің көрмелері, фотоинсталляциялар қойылып, қонақтар шығармашылықпен тыныстайды. Поэтикалық қонақжайда жергілікті ақындар өлең оқып, қала күніне рухани мазмұн қосады.

Сағат 16:00-де орталық алаңда ерекше күш пен қайраттың көрінісі саналатын «Стальной характер» шоуы өтеді. «Туған қала» жобасы аясында ұйымдастырылған бұл шоуда хедлайнер ретінде Сергей Цырульников өнер көрсетпек. Ол – төрт дүркін әлем рекордшысы, Гиннесс рекордтар кітабына енген спортшы, Қазақстанның алты мәрте рекордшысы, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің ресми елшісі. Көрермендер нағыз спорттық ерліктерді өз көздерімен көреді.

18:00-19:00 аралығында орталық алаң жастардың билеріне толы болады. «Dance you style» бағдарламасында хип-хоп, стрит-дэнс, фристайл жанрларындағы үздік нөмірлер ұсынылады. Жастардың шабыт пен энергияға толы биі қала күніне ерекше рең береді.

19:00-де орталық алаңда мерекелік концерт басталып, жергілікті шығармашылық ұжымдар өнер көрсетеді. Кештің шарықтау шегі – қазақстандық эстраданың жұлдыздары Raim және Мархаба Саби сахнаға шығып, қала тұрғындарына ерекше музыкалық кеш сыйлауы. Raim – хиттерімен ТМД-ға танылған танымал орындаушы, ал Мархаба Саби – республикалық байқаулардың жеңімпазы, сахналық харизмасымен көпшілікті баураған әнші.

Кешкі бағдарлама сағат 22:15-те басталатын заманауи лазерлік шоуымен жалғасады. «Laser Pulse: Рудный 2025» атты көрініс қазіргі технологиялар мен музыка үйлесімінде қала аспанын жарыққа бөлейді. Шоу арнайы шақырылған қонақ халықаралық деңгейде танымал DJ Sasha Dith-тің музыкалық сетімен сүйемелденеді. Оның энергетикасы жоғары заманауи әуендері мерекеге ерекше сән береді. Қала күні түрлі-түсті отшашумен қорытындыланады.

 

Арай АХМЕТ,
Сурет «РР» мұрахатынан

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *