Қызметкерлерге арналған жаңа жоба: ССКӨБ демалыс базасын іске қосады
Соколов-Сарыбай кен-байыту өндірістік бірлестігі акционерлік қоғамында әлеуметтік бағыттағы жаңа жоба қолға алынды. Кәсіпорын өз қызметкерлеріне арналған жыл бойы жұмыс істейтін демалыс базасын құруды бастады. Жаңа нысан қаланың ең үлкен жағажайы орналасқан «Золотая рыбка» аумағында салынып, барлық заманауи талаптарға сай жабдықталады.
Көп жылдар бойы ССКӨБ жұмысшылары тек жазда ғана емес, қыс мезгілінде де қолжетімді заманауи демалыс орнының қажеттілігін айтып келген. Биыл бұл бастама ERG басшылығы мен акционерлер тарапынан қолдау тапты.
«Қызметкерлеріміздің демалысы үшін қалада бірнеше база болғанымен, олардың көбі басқа ұйымдарға бекітілген. Өзімізге тиесілі нысанның болмауы қосымша шығындар туындатты. Сондықтан қолайлы шешім табу үшін бірнеше балама нұсқа қарастырылды. Ақыры ең тиімді жолы – қолданыстағы базаны қайта жаңғырту болып анықталды», – деді «ССКӨБ» АҚ бас директоры Сергей Кузьменко.
Жобаға дайындық барысында мамандар алты ай бойы талдау жүргізіп, келіссөздер өткізді. Қазір ресми жұмыс басталды. Биылдың өзінде ғимараттарды тексеру, топыраққа зерттеу жүргізу және жылу жүйесін жобалау қолға алынады. Алдағы қыста үйлерді жылыту, жазда ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілмек.
Жаңғыртудан кейін «Золотая рыбка» заманауи инфрақұрылымы бар, жыл бойы жұмыс істейтін демалыс базасына айналады. Мұнда сахна, екі бассейн, оның ішінде ересектерге арналған жылыту жүйесі бар су айдыны және балаларға арнайы аймақ салу жоспарланған.
Нысанға орналасуда ССКӨБ қызметкерлеріне басымдық беріледі. Дегенмен, бос орын болған жағдайда база қала тұрғындарына да қолжетімді болады.