Рудный мектептерінде соңғы қоңырау соғылды
Балалық шақтың балғын дәурені артта қалды. Мамырдың 25-і күні Рудный қаласының барлық білім ордаларында соңғы қоңыраудың сыңғыры естіліп, жас түлектердің жаңа өмір парағы ашылды.

Бүгінде Рудный қаласының білім беру саласы ауқымды көрсеткіштермен мақтана алады. Қалада кешкі мектепті қоса есептегенде, барлығы 22 білім беру мекемесі тұрақты жұмыс істеп тұр. Мектеп контингенті 16 685 оқушыны құрап отыр. Бұл үлкен шаңырақтың ішінде 335 бала мектепалды даярлық сыныптарында тәрбиеленсе, 23 азамат кешкі мектепте білім көкжиегін кеңейтуде.
Биылғы оқу жылының қорытындысы бойынша 1 579 оқушы 9-сыныпты тәмамдаса, 684 жеткіншек 11-сыныпты бітіріп, үлкен өмірге жолдама алғалы тұр.
Қалалық білім бөлімінің басшысы Темірхан Жайлыбаевтың брифингте мәлімдеуінше, биылғы маусым зор үміт пен жауапкершілік жүгін арқаламақ. 27 түлек «Алтын белгіге», ал 11-сыныптың 37 оқушысы және 9-сыныптың 72 тәрбиеленушісі мектепті үздік аттестатпен аяқтауға үміткер болып отыр.

Алтын ұямен қоштасқан түлектерді енді алда үлкен сын сағаттары күтіп тұр. Мектептердегі емтихан мерзімдері нақты бекітілді. 5–8 және 10-сыныптар үшін қазақ тілінен аралық емтихандар мамырдың 26-сы мен 28-і аралығында өткізіледі. 9-сыныптар үшін негізгі мектепті бітіру емтихандары мамырдың 29-ы мен маусымның 11-і аралығына жоспарланған. 11-сыныптар үшін жалпы орта білім беру туралы мемлекеттік емтихандар маусымның 2-сі мен 15-і аралығында өткізілмек.
ҰБТ – 2026: Ереже мен ерекшелік
Биыл мектеп бітірушілердің басым көпшілігі, яғни 85,5%-ы (585 түлек)Ұлттық бірыңғай тестілеуге (ҰБТ) қатысуға ниет білдіріп, өтініш тапсырған. Сынақтың негізгі кезеңі мамырдың 10-ы мен шілденің 10-ы аралығында өтеді.
Маңызды ақпарат: белгіленген мерзімде түрлі себептермен сынақ тапсыра алмағандар үшін тамыздың 10–20-сы аралығында ақылы негізде қайта тапсыру мүмкіндігі қарастырылған.
2026 жылғы ҰБТ форматы өзгеріссіз қалды. Талапкерлерге 120 тапсырма беріледі, ең жоғары көрсеткіш – 140 балл, ал бөлінген уақыт – 240 минут. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін мемлекет тарапынан қолайлы жағдай жасалып, қосымша 40 минут уақыт беріледі.
«Биыл ережеге елеулі өзгеріс енгізілді: дәлелді себептер туындаған жағдайда тестілеу күнін ауыстыруға рұқсат беріледі. Егер түлек сырқаттануына, жақын туыстарының қайтыс болуына немесе төтенше жағдайларға байланысты емтиханға келе алмаса, растаушы құжаттарын өткізіп, күнді ауыстыру туралы өтініш бере алады», – деп нақтылады білім бөлімінің басшысы Темірхан Жайлыбаев.
Салтанатты шаралар форматы
Биыл да мектеп бітіру кештерін мейрамханаларда, табиғат аясында өткізуге, автошерулер ұйымдастыруға және ата-аналардан негізсіз ақша жинауға қатаң тыйым салынғандығы ескертілді. Барлық мерекелік шаралар тек білім беру мекемелерінің ішінде, тәрбиелік мәні жоғары және бекітілген форматқа сай өткізілуі тиіс. Бұл қадам ысырапшылдыққа жол бермей, теңдік пен тәртіпті сақтауға бағытталған.

Осынау айтулы күнде біз Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мектептің түлектерімен жолығып, олардың қимастыққа толы жүрекжарды лебіздерін тыңдаған едік.
Ағылшын тілі мұғалімі болуды арман еткен жас түлек Бексұлтан Жарылқасынов:
«Бүгін мен үшін өте маңызды, тарихи күн. Сыныптастарыммен бірге 11-сыныпты бітіріп жатырмын. Бүгінгі күн – бүкіл сыныптасым, барша ұстаз қауымы мен 11-сынып оқушысы үшін айрықша қастерлі. Бізге білім берген барлық жандарға алғыс айтамын. Барша 9, 11-сынып түлегін, мұғалімді мерекемен құттықтаймын! Алдағы сыннан сүрінбей өтіп, ҰБТ-дан жақсы балл жинап, грантқа түсулеріне тілектеспін. 11 жыл ішіндегі қызықты сәттер, сыныптағы достарыммен өткізген күндер, тіпті сабақтан қашып, директорға ұсталғанымызға дейін есімде. Осы бір ыстық сәттерді өте қатты бағалаймын».
«Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мектептің мұғалімдеріне бізге сапалы білім, тәрбие бергендері үшін шексіз ризашылығымды білдіремін. Ішкі сезімімді айтатын болсам, өте қатты қобалжып тұрмын, бірақ жүрегімде үлкен қуаныш бар. Болашақта Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетіне түскім келеді, түсемін деген де үміттемін. Менің де таңдаған мамандығым – ағылшын тілі мұғалімі. Сыныптастарымды мектеп бітіру кешімен құттықтаймын. Арман-тілектеріне, биік мақсаттарына жетіп, қалаған жоғары оқу орындарына түссін!», – деп ізгі тілектерімен бөліскен Бексұлтанның болашақ әріптесі Әсел Қосбармақова.
Алтын ұяларынан түлеп ұшқан жас қырандардың қанаттары талмасын, алдағы сын сағаттарында жолдары болсын! Рудныйдың үкілі үміттері ел үмітін ақтар азаматтарға айналсын деп тілейміз.
Жанарай РҮСТЕМҚЫЗЫ,
суретті түсірген Даниил САЕНКО