Қоғамды ірітетін идеялар

Деструктивті ағымдардың таралу зардаптары

Қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Гүлшат Ермешековамен арадағы сұхбатымызда бүгінгі қоғам үшін өзектілігін жоймаған тақырыптар – экстремизм, терроризм және радикалды идеология туралы сөз қозғаймыз. Сонымен қатар, ақпараттық кеңістіктің рөлі, әлеуметтік желілердің әсері және деструктивті ағымдарға қарсы тұрудағы жұртшылық белсенділігінің маңызына тоқталамыз.

– Гүлшат Амантайқызы, жалпы экстремизм дегеніміз не?

– Экстремизм – бұл әлеуметтік, ұлттық, нәсілдік, діни және өзге де араздықты қоздыруға, сондай-ақ конституциялық құрылымды құлатуға, мемлекеттің тұтастығы мен қауіпсіздігіне нұқсан келтіруге бағытталған іс-әрекет. Ол радикалды идеяларды насихаттау, тыйым салынған ұйымдардың жұмысына қатысу және заңға қайшы әрекеттерге шақыру арқылы көрініс табады.

– Ал терроризм дегенді қалай түсінуге болады?

– Терроризм – бұл экстремизмнің күш қолдану немесе сондай қатер төндірумен ұштасатын ең шеткі, қатыгез түрі. Оған халықты үрейлендіруге, азаматтардың өмірі мен денсаулығына зиян келтіруге, сондай-ақ мемлекеттік органдардың қызметін тұрақсыздандыруға бағытталған іс-әрекеттер жатады.

– Экстремизм мен терроризмнің негізгі айырмашылығы неде?

– Басты айырмашылық олардың көрініс табу сипатында: экстремизм көбінесе идеология, үгіт-насихат және ақпараттық шабуыл түрінде байқалса, терроризм нақты жасалған зорлық-зомбылық әрекеттерімен тікелей байланысты.

– Радикалды идеология дегеніміз не?

– Радикалды идеология – бұл төзімсіздікке, заңдарды мойындамауға және бейбіт қатар өмір сүру принциптерін жоққа шығаруға негізделген шетін көзқарастар мен сенімдер жүйесі. Ол өзгелерден үстем болу идеяларын, зорлық-зомбылықты ақтауды және адам құқықтары мен бостандықтарын бұзуға шақыруды қамтиды.

– Радикалды идеология несімен қауіпті?

– Себебі ол экстремистік көңіл-күйдің қалыптасуына негіз болып, соңында террористік әрекеттерге алып келуі мүмкін. Мұндай идеялардың, әсіресе интернет кеңістігінде таралуы қоғамдық қауіпсіздікке үлкен қатер төндіреді.

– Осындай іс-әрекеттер үшін заңнамада қандай жауапкершілік қарастырылған?

– Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, төмендегі әрекеттер үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген:

  • Экстремистік және террористік әрекеттерге қатысу;
  • Экстремистік мазмұндағы материалдарды тарату;
  • Терроризмді насихаттау және оны ақтау;
  • Осындай әрекеттерді қаржыландыру және оған жәрдемдесу;
  • Тыйым салынған ұйымдардың жұмысына қатысу.

– Интернетте экстремистік материалдарды таратқаны үшін жауапкершілік бар ма?

– Иә. Тыйым салынған материалдарды жариялау (пост), бөлісу (репост) және соған қатысты пікір қалдыру (комментарий) құқықтық салдарға соқтыруы мүмкін.

– Азаматтар нені есте сақтауы тиіс?

– Әрбір азамат құқықтық сауаттылық танытып, ресми емес дереккөздерден алынған ақпаратқа сын көзбен қарауы қажет. Сондай-ақ, өзінің әрбір іс-әрекеті үшін жеке жауапкершілігі бар екенін терең сезінуі тиіс.

Арай АХМЕТ