«Қағаз, пластик, киім – табиғи ресурстарымыз»

Тобылдың суын тазартып, табиғатты аялаған «Жасыл пульс» клубының эко-белестері

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық науқаны бүгінде елдік сипат алып, қоғамның әрбір мүшесін ортақ мақсатқа жұмылдыруда. Бұл – ұлттық сананың жаңғыруы, табиғатқа деген көзқарастың түбегейлі өзгеруі және келешек ұрпақтың туған жерге деген сүйіспеншілігін қалыптастыратын үлкен мектеп.

Осы орайда, еліміздің әр өңірінде экологиялық мәдениетті ту еткен үйірмелер мен клубтардың жұмысы ерекше жандана түсті. Солардың бірі, бірегейі десек те болады – Рудный қаласындағы №11 жалпы білім беретін мектептің базасында құрылған «Жасыл пульс» экологиялық клубы.

Әрбір үлкен істің бастауында үлкен арман мен қажырлы еңбек жататыны анық. «Жасыл пульс» клубының тарихы 2012 жылдан бастау алады. Ол кезде клуб «Жас эколог» деген қарапайым атпен өз жұмысын бастаған болатын. Арада он жылдан астам уақыт өткенде, бұл үйірме жай ғана мектеп ішілік топ емес, қалалық және облыстық деңгейдегі ірі жобалардың ұйтқысына айналды.

2024-2025 оқу жылында мектептің «Облыстық экологиялық мектептер» жобасына енуі клубтың жұмысына жаңа серпін берді. Дәл осы кезеңде клуб өз атауын «Жасыл пульс» деп өзгертіп, экологиялық білім мен тәрбиенің жаңа деңгейіне көтерілді. Клуб жетекшісі Ольга Валебнаяның айтуынша, бұл атау табиғаттың тынысын сезіну және сол ырғақты сақтау деген мағынаны білдіреді.

Клубтың бүгінгі жетістіктері – ұстаздар қауымының тынымсыз еңбегінің жемісі. Біз клубтың екі бірдей жетекшісімен сұхбаттасып, атқарылып жатқан жұмыстардың мән-жайын білген едік.

Мейрамгүл Құсайынова, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, клуб жетекшісі:

«Мектебіміз «Адал азамат» бағдарламасы аясында «Таза Қазақстан» бағыты бойынша өте ауқымды жұмыстар атқаруда. «Жасыл пульс» үйірмесіне 5-10 сынып аралығындағы 25-ке жуық оқушы қатысады. Басты мақсатымыз – балалардың бойында қоршаған ортаға деген жауапкершілікті ояту, отансүйгіштікке тәрбиелеу және экологиялық жағдайды жақсартуға өз үлестерін қосуға баулу.

Балалар тек теориямен шектелмейді. Біз макулатурадан арнайы құтылар жасап, оған көшеттер отырғызамыз. Бұл – қалдықты қайта өңдеудің нақты үлгісі. Сондай-ақ, қалалық мұражаймен тығыз байланыстамыз. Мұражай ауласына барсаңыздар, біздің оқушылардың қолымен жасалған құс ұяларын көре аласыз. Мұның бәрі – баланың табиғатқа деген мейірімін оятатын істер».

Мейрамгүл Мұратқызы атап өткендей, клуб мүшелері жыл сайын жағалауды тазарту, ағаш отырғызу акцияларына белсенді қатысады. Тіпті, қыс айларында да жұмыс тоқтап қалмайды. Мәселен, Рудный қаласындағы қарттар пансионатына барып, қар тазалауға көмектесу, құстар мен жануарларға азық жинап, ұяшықтар орнату үйірме мүшелерінің тұрақты іс-шараларына айналған. Ең бастысы, мектеп әкімшілігінің қолдауымен балаларға арнайы логотипі бар киімдер тіктірілген, бұл олардың клубқа деген мақтанышын арттырып, нағыз маман сезінуіне мүмкіндік береді.

«Үйірмеміз мектептегі экологиялық бастамалардың орталығы. 2012 жылдан бері мектебіміздің базасында «Тырналар ұшады»  атты қалалық фестиваль-конкурс өткізіліп келеді. Бұл байқауда 10-нан астам номинация бар, оған мұғалімдер де, балабақша тәрбиеленушілері де қатысады. Биыл алғаш рет «EcoStartUp Track» атты стартап жобалар байқауын ұйымдастырдық. Жасөспірімдер өздерінің экологиялық технологиялық шешімдерін ұсынып, қорғап шықты. Ал 28 сәуірде Тобыл өзенінің бойында «Плоггинг» жарысын өткізуді жоспарлап отырмыз. Бұл – жүгіре жүріп қоқыс жинаудың ерекше форматы. Онда жиналған қоқыстар сұрыпталып, салмағы өлшенеді», – дейді клуб жетекшісі Ольга Валебная.

«Жасыл пульсшылар» күрделі ғылыми жобалармен де айналысады. Мұны конференциялар мен байқаулардағы жетістіктерінен көруге болады. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетімен (ҚӨУ) орнатылған байланыс балалардың ғылыми әлеуетін ашуға үлкен септігін тигізуде.

Мәселен, жақында өткен «Экология жастар көзімен» атты III ғылыми-практикалық конференцияда мектеп оқушылары жоғары деңгей көрсетті.

ЖЕТІСТІКТЕР ТАҚТАСЫ:

«ЗЕРДЕ» ҒЫЛЫМИ ЖҰМЫСТАР БАЙҚАУЫ:

1-орын: Арина Жмурива (жетекшілері Атантаева А.А., Веснина Е.С.)

2-орын: Екатерина Валебная (жетекшілері Валебная О.Е., Дергунова А.В.)

3-орын: Варвара Смольская (жетекшілері Мұқанова Г.Т., Барменова А.Б.)

«Тырналар ұшады» қалалық фестивалінде (наурыз, 2026) басты жүлдені Татьяна Кузнецова («Үздік қолөнер» номинациясы), 1-орынды Каролина Евсюкова, Ксения Калыгина, Раяна Жанабайлар иеленген. Ал 2-орын Михаил Трофимовқа, 3-орын Владимир Алексеенко, Владимир Двойнин, Арина Жмурива, Илья Юсковтарға бұйырған. «EcoStartUp Track» байқауы (ақпан, 2026) бойынша екі бірдей секциядан да («Экологиялық технологиялар» мен «Экологиялық әдеттерді насихаттау» секциясы) 1-орынды Илья Сидоренко мен Виталий Вихорев жеңіп алған.

Осы тізімнен-ақ клубтың қаншалықты жан-жақты екенін көреміз. 6-сынып оқушысы Татьяна Кузнецованың «Оазис Табула» жобасы ерекше назар аудартады. Оның жобасының негізгі өзегі – жағалау аймағындағы суды тазартатын, қоқыстарды сүзгіден өткізіп, таза суды қайта өзенге жіберетін құрылғы.  Сондай-ақ, 3-сынып оқушыларының «Интернетте екінші мүмкіндіктің құны қандай?» атты зерттеуі де өте қызықты. Олар өнеркәсіптік қалдықтар мен шаң-тозаңның қоршаған ортаға және адам денсаулығына әсерін зерделей отырып, ескі заттарды жаңа бұйымдарға айналдырудың жолдарын ұсынады. «Қағаз, пластик, киім – бұл тек қоқыс емес, бұл біздің табиғи ресурстарымыз» деген балалардың сөзі үлкендерге де ой салары анық.

«Клубтың соңғы уақытта атқарған ауқымды жұмыстарына тоқталсаңыз? Жақында ғана өткен айтулы оқиғалар мен жеткен жетістіктеріңіз қандай?», – деп сұрадық үйірме жетекшісінен.

«Жасыл пульс» экологиялық клубының жұмысы ешқашан бір сәтке де толастаған емес, керісінше, әр күн сайын жаңа қарқынмен дамып келеді. Соңғы маңызды белесіміз бен зор жетістігіміздің бірі – Қостанай облысы әкімдігінің Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы ұйымдастырған облыстық экологиялық бейнероликтер байқауында топ жарып, жеңімпаз атануымыз. Сонымен қатар, 13-17 сәуір аралығында еліміз бойынша өткен «Жер амбассадорлары» және «Жасыл клубтар» жобалары аясындағы «Жасыл аймақ» атты республикалық апталық экочелленджіне аса жоғары белсенділікпен қатыстық. Апталық барысында ауқымды экологиялық сенбіліктер ұйымдастырылып, жас экологтар мектеп аумағын көгалдандыру мақсатында жас өскіндерді отырғызды. Бұған қоса, сәуір айының алғашқы күндерінде Дүниежүзілік құстар күніне арналған танымдық және практикалық шаралар легін де жоғары деңгейде өткізіп үлгердік».

Бұдан бөлек, клуб «Үздік экологиялық білім беру ұйымы» қалалық байқауында 1-орынды иеленіп, өзінің көшбасшылық орнын тағы бір мәрте дәлелдеді. Бұл – мектеп ұжымының, ата-аналар мен оқушылардың бірлескен жеңісі.

«Жасыл пульс» клубы мұнымен тоқтап қалмақ емес. Олар мектепті тек білім ордасы емес, нағыз «экологиялық хабқа» айналдыруды көздеп отыр.

«Экоклубымыз алдына өте ауқымды және биік мақсаттар қойып отыр. Ең алдымен, біз «Жасыл пульсті» мектебіміздегі барлық экологиялық бастамалардың бірегей орталығына айналдыруды көздеп отырмыз. Бұл тек қоқыс жинаумен шектелмейтін, практикалық қызметті, яғни аумақты көгалдандыру, қалдықтарды қайта өңдеу және табиғи ресурстарды үнемдеу ісін ғылыми-зерттеу жұмыстарымен және ағартушылық бағытпен ұштастыратын кешенді құрылым болмақ.

Болашаққа бағытталған басымдықтарымыздың бірі – мектеп ауласында заманауи жылыжай кешенін салу және жаңбыр суын тиімді пайдалануға арналған инновациялық жинау жүйелерін енгізу. Сонымен қатар, өз деңгейімізді мектеп шеңберімен шектемей, қалалық, облыстық, тіпті республикалық деңгейдегі ірі конкурстар мен жобаларға белсенді қатысуды жалғастыра береміз. Түпкі мақсатымыз – елдегі тұрақты даму үдерісіне нақты үлес қосып, қоршаған ортаны сақтау жолында саналы да жауапкершілігі жоғары ұрпақ тәрбиелеу», – деп түйіндеді үйірме жетекшісі Ольга Валебная.

Табиғаттың тынысын сезініп, оны аялауды парыз санаған өрендердің бүгінгі қадамы ертеңгі жасыл желекті өлке мен салауатты қоғамның кепілі екені даусыз. «Таза Қазақстан» науқаны аясында атқарылып жатқан мұндай игі істер әрбір жасөспірімнің жүрегінде туған жерге деген шексіз сүйіспеншілікті ұялатып, еліміздің экологиялық болашағын баянды ете түспек. Өйткені, табиғатты қорғау – болашақты қорғау.

 

Жанарай НҰРМАХАНБЕТОВА,

суретті түсірген Даниил САЕНКО