Дәрігүл Есжанованың өмір мектебі мен отбасылық пәлсапасы
Бүгінгі әңгіме арқауы – Рудный қаласының тұрғыны, Өзбекстанның Тамды өңірінде туып-өсіп, бүгінде Тобыл өңірінде өнегелі ұрпақ тәрбиелеп отырған кейіпкеріміз Дәрігүл Есжанованың өмір жолы мен отбасылық ұстанымдары төңірегінде өрбімек.
Дәрігүл Есжанова Өзбекстан Республикасы, Бұхара облысы, Тамды ауданында көпбалалы отбасында дүниеге келген. Алты ағайынды – үш қыз, үш ұлдың бірі болып есейген кейіпкердің еңбек жолы ерте, 17 жасынан басталған.
«Сол жерде 10 сыныпты бітіріп, Самарқандтағы кооперативтік институтта білім алдым. Жастайымнан жұмысқа араластым, тіпті демалыс күндері машинист мамандығын үйреніп, тиісті анықтама алған кезім де болды. Балабақшада тәрбиеші де болып істедім», – деп еске алады кейіпкер.
Тұрмыс құрғаннан кейін еңбек жолында 12 жылға жуық үзіліс болған. Балалары өсіп, шираған соң, 1988 жылы Үшқұдық өңіріне қоныс аударып, Мәдениет үйінің шақыртуымен жас маман ретінде ән-би үйірмелерін ашуға атсалысады. Кейін қалалық жерге ауысқан соң, өз мамандығы бойынша тау-кен комбинатының №1 асханасында кассир, бухгалтер қызметтерін атқарып, сауда саласында да еңбек етеді. 1998 жылға дейін белсенді жұмыс істеп, денсаулық жағдайына байланысты мүгедектік бойынша зейнетке шыққан. Кейіпкердің жалпы еңбек өтілі 26 жылды құрайды. 2018 жылы отбасымен бірге тарихи Отаны – Қазақстанға, Рудный қаласына көшіп келген.
Кейіпкердің өмірлік тәжірибесінде мәдени-әлеуметтік шаралардың орны ерекше. Ол зейнетте болса да, қоғамдық жұмыстардан қол үзген емес. Дәрігүл Есжанова ана мен келін арасындағы қарым-қатынас, қыз балалардың тәрбиесі бағытындағы кездесулерге жиі шақырылады. Осы жылдың 8 наурыз мерекесі қарсаңында №13 мектепте өткен «Қыз – елдің көркі» байқауына, №7 гимназиядағы Наурыз мейрамына қатысып, атсалысқан. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған концерттік бағдарламалар мен Қарттар үйіндегі қайырымдылық шараларын ұйымдастыруға белсене қатысады.
Қазіргі қоғамда отбасы институты, соның ішінде ене мен келін қатынасы жиі талқыға түсетін өзекті мәселенің бірі. Бұл ретте кейіпкердің өзіндік тәжірибеге негізделген тұжырымдары бар.
«Екі келінім бар, шүкір, осы уақытқа дейін арамызда ешқандай ұрыс-керіс, кекілжің болған емес. Білгенімізді ортаға салып, ақылдасып отырамыз. Үйде тыныштық, татулық пен сыйластық болса, балалар да жақсы сезімде, дұрыс ортада өседі», – дейді Дәрігүл Есжанова.
Кейіпкердің отбасында өнер мен ұлттық тәрбие ұштасқан. Жолдасының гитарада ойнауы қыздарына да дарыған. Бүгінде өз анасынан көрген-білгенін немерелеріне үйретіп келеді. Салт-дәстүрді дәріптеу ісін ұлы колледжде оқып жүргенде келін түсіру, бесікке салу және тұсаукесер рәсімдерін өз деңгейінде өткізуден бастаған.
Қазіргі таңда Дәрігүл Есжанованың екі ұлы өндірістік комбинатта жұмыс істейді, үш немересі бар. «Әке көрген оқ жанар, шеше көрген тон пішер» деген аталы сөзді ұстанған кейіпкердің қыздары да ұядан ұшып, өз алдына тұрмыс құрған.
Қорыта айтқанда, отбасылық құндылықтардың баянды болуы үлкен ұрпақтың сабырлылығына, жастардың ибасына және екі жақтың бір-бірінің ішкі шекарасын құрметтеуіне тікелей байланысты. Кейіпкеріміздің өмір жолы – үлкен өнеркәсіпті қаланың қарбалас тіршілігінде де ұлттық тәрбие мен отбасы тыныштығын сақтаудың айқын мысалы.
Жанарай РҮСТЕМҚЫЗЫ,
суретті түсірген Даниил САЕНКО