«Өмірдің өзі – үлкен спектакль»

60 жыл бірге ғұмыр кешкен ерлі-зайыптылар бақытты отбасының басты құндылықтарымен бөлісті

Рудный қаласының Құрметті азаматы, Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Ғабдолла Ахметжанов пен оның жары Марзия Төкенованың отбасылық өмір жолы – бүгінгі жастарға үлгі. Отау құрғандарына 60 жыл толған алтын той иелері шаңырақ шаттығы, отбасы құндылығы және ұрпақ тәрбиесі жайлы сыр шертті.

– Атақонысымыз – осы Қостанай облысының Ұзынкөл ауданы. Рудныйда жүргенімізге 20 жылдан асты. Жас кезімізде, 20 жасымызда қосылдық, міне, бірге өмір сүріп келе жатқанымызға 60 жыл болды. Тоғыз бала өсіріп-өндірдік, балаларымыздың бәрі ер жетті, тіпті екі-үшеуі зейнеткерлікке де шығып үлгерді. Бір қызымыз осы жақта тұрады, ал қалғандары Алматы мен Астана қалаларында. Бәрінің де өз кәсібі бар, жағдайлары жақсы, астарында аты, үстерінде тон. Аллаға шүкір, әркез солардың тілеуін тілеп отырамыз. Осындағы қыздарымыз ауыра қалсақ, бірден дәрігерлерге апарады.

Өзіміз де үйде жай отырған жоқпыз. Қазіргі мәдени іс-шараларға белсене қатысып, зейнетте болсақ та қатардан қалмауға тырысамыз. Сүйікті хоббиіміз – гүл өсіру. Әйелім гүлдерді өте жақсы көреді, кейде «менен де бетер гүлді жақсы көрсете ме» деп ойлап қоямын. Ал мен болсам сүмбіл терек өсіремін, жылда мектептерге апарып беремін. Осы Қостанай облысында менің еккен ағаштарым мен гүлдерімді алмаған мектеп немесе балабақша кемде-кем. Тіпті саябақ та аштым.

Күрделі ауыр жұмыстарға шама келмеген соң, құр отырмай, елге пайдамыз тисе екен дейміз. Мешітке де барып тұрамыз. 2007 жылы қажылыққа барып келдім, онда адамгершілік пен бірлік жолында қызмет ету сияқты үлкен жауапкершілік жуктелді. Содан бері адалдық пен тазалықты дәріптеп келеміз. Кітапханаларда оқырмандармен кездесіп, мектептерге барып тұрамыз. Кітап демекші, өлең шығаратын әдетім бар, 4-5 кітабым жарық көретін. Мектеп оқушыларымен кездескенде соларды көрсетеміз. Әрбір қуанышқа арналған өлеңдерім бар. Кейде көшеде алдымнан шығып, танып жатады, сонда көңіліміз көтеріліп қалады. Біреуі болса да кітапты алып оқиды екен. Атқарған еңбегімді елеген болар, қаланың «Құрметті азаматы» деген атақ берді, оған да қуанып, марқайып қалдық. Мақтағанды Алла да жақсы көреді ғой. Қазір далаға шықсақ, балалар алаңында, қорған жақта гүл де, ағаш та егіп жүреміз. Көшеде келе жатсақ, балалар да келіп көмектеседі.

Артқа көз жүгіртсек, өздеріңізді қандай жанұя деп бағалайсыздар?

– Біз өзімізді өте бақытты жанбыз деп есептейміз. Бала-шағамыз аман, бүгінде немере-шөбере сүйіп отырған жайымыз бар. Аллаға шүкір, біреуіміз 100-ге, біреуіміз 90-ға келдік.

«Ырыс қашса да, туыс қашпайды»

Алпыс жылдық отбасылық өмірдің басты байлығы ретінде олар бірлік пен ұрпақ жалғастығын атайды. Балаларының, немерелері мен шөберелерінің амандығы – өздерін бақытты сезінуге себеп болатын ең үлкен құндылық.

– Қиындық әр кезде де болады ғой, бірақ оған қарсы тұратын бойда күш-қуат пен амал болса, ол білінбей кетеді. «Ырыс қашса да, туыс қашпайды» дейді ғой, ешкімнің өмірі тегіс әрі тегін емес. Соның бәрін отбасы болып бірге көтерген соң, қиындықтар ескерілмей де қалады. «Ер жігітке серуен» дейді, ондай сәттерді бастан кешірсең, кейін қызықтап еске аласың, соның өзі әдемі. Сондай шақтарда ақыл-кеңеске сүйену керек. Абай атамыз айтқан «бес асыл іс» деген сөз осыған саяды, – дейді ақсақал.

Алтын той иелерінің сөзінше, бүгінгі жас отбасылар үшін ең маңызды қасиет – төзім мен сабыр. Өмірде кездесетін кез келген жағдайды ақылмен таразылап, бір-біріне түсіністікпен қараған жанұя ғана баянды болатынын атап өтті.

– Бұл кісі мені қатты сыйлайды, алақанында ұстап келе жатыр десем де болады. Ұрыспайды, қатты сөйлемейді, әрдайым ақырын сөйлейді. Мен бұл кісінің көзіне қарап-ақ бәрін түсінемін, – дейді Марзия Төкенова.

Ал Ғабдолла Ахметжанов отбасындағы татулықтың сыры жақсы сөзде екенін айтады. Оның пайымынша, адамға жылы сөз айту, көңілін табу және жан жарының қадірін білу – ұзақ ғұмыр кешудің басты кепілі.

Ол бұл ойын қарапайым мысалмен әзілдеп түсіндірді:

– Осы құрдастарым маған: «Кемпірімнің мінезі жаман, қалай соған шыдайсың?» – деп айтып жатады. Сонда мен оған: «Сүт пісіріп көрдің бе?» – деп сұраймын. Ол «иә» дейді. «Сүтті пісіргенде қақпағын жауып қоясың, ол піскен кезде тасып, қақпағы бұрқылдай бастайды. Сол кезде қақпағын ала қойсаң, сүт кейін басылады. Сол сияқты кемпірім де құрқылдап келе жатса, қақпағын аша қоямын. «Сен әдемісің» десем, ашуы тарқап кетеді. Сол сияқты жақсы сөзбен термелеу керек, бәрін жақсылыққа жорып, көңілін тапқан абзал. Бір ауыз сөз адамды қинайды да, бір ауыз сөз адамды сыйлатады да. Біз сөз қадірін білетін халықпыз ғой. Өмірдің өзі – спектакль сияқты, кім жақсы ойнайды, сол – жақсы актер, сол – бақытты адам.

«Өмірдің өзі – үлкен спектакль» деген Ғабдолла Ахметжановтың ойы олардың тұтас ғұмырының мәнін ашып тұрғандай. Өзара құрмет, түсіністік, сабыр мен мейірімге негізделген отбасының берекесі, демек, уақыт өткен сайын беки түседі.

 

Жанарай НҰРМАХАНБЕТ,

суретті түсірген Даниил САЕНКО