Рудныйдағы №8 кітапханада өткен диалог алаңында діни сенім бостандығы, қоғамдық жауапкершілік пен ел бірлігін сақтаудың маңызы сөз болды
Рухани келісімнің мәні – бәрінің бірдей ойлауында емес, өзара құрмет пен ортақ ережелерді сақтай білуінде. Осы ұстаным 18 қазанда атап өтілетін Рухани келісім күніне орай ұйымдастырылған «Бірлік пен келісім: Қазақстан Республикасы Конституциясы аясындағы конфессияаралық диалогтың» негізгі өзегіне айналды.
Кездесуге ақсақалдар мен аналар кеңестерінің мүшелері, ардагерлер, түрлі діни бірлестіктердің өкілдері мен қоғамдық ұйымдардың қызметкерлері қатысты. Жиында Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілген ар-ождан және діни сенім бостандығы, мемлекеттік саясаттың басымдықтары, діни бірлестіктердің қоғамдық тұрақтылықты сақтаудағы рөлі талқыланды. Сонымен қатар діни экстремизм мен радикалды көзқарастардың алдын алу, дін саласындағы заңнама талаптарын түсіндіру мәселелеріне назар аударылды.
Зайырлылықтың мәні неде?
Діни сенім бостандығы әр адамның таңдауы мен құқығын құрметтеуді білдіреді. Алайда жеке сенім мен қоғамдық тәртіптің арақатынасы, азаматтың құқығы мен міндеті де өзара байланысты. Осы мәселеге тоқталған ҚР ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясы экстремистік идеологияға қарсы тұру бойынша қылмыстық-атқару жүйесінің мамандарын даярлау орталығының бастығы Мырзабек Тойғанов зайырлылық қағидатының маңызын атап өтті.
«Зайырлылық қағидаты бейбітшілік пен келісімде өмір сүруге, заңды сақтауға мүмкіндік береді. Әр адам өз құқығын ғана емес, міндетін де білуі керек. Сонымен бірге тарихи мұраға құрметпен қарау маңызды», – деді ол.
Дін мәселесін талқылау азаматтардың заңға көзқарасына, қоғамдық ортадағы мінез-құлқына және өзгелердің құқығын қаншалықты құрметтейтініне де қатысты. Сондықтан мұндай кездесулерде құқықтық сауаттылықпен қатар, ортақ жауапкершілік туралы сөз қозғау маңызды.
Кездесудің тағы бір бағыты – этносаралық келісімді нығайту және Қазақстанның мәдени көптүрлілігін сақтау. Бұл ретте Қазақстан халқы Ассамблеясының 1995 жылдан бері атқарып келе жатқан жұмысы мен оның аясында қалыптасқан тәжірибе сөз болды. «Қазақстан Халық Кеңесі» мүшесі, Қостанай облысының «Бірлік» этномәдени бірлестігінің төрағасы Рафаил Гаджибалаевтың сөзінше, қоғамдық келісімді нығайтуға бағытталған жұмыс жаңа кезеңде де жалғасуы керек.
«Осы жылдар ішінде белгілі бір жетістіктерге жеттік. Ендігі міндет – сол нәтижелерді дамытып, ортақ азаматтық құндылықтарды нығайту. Қай этносқа жататынымызға немесе қандай дінді ұстанатынымызға қарамастан, бәрімізді қазақстандық деген ортақ атау біріктіруі керек. Бұл бағытта мемлекет қажетті жағдай жасап келеді», – деді ол.
Мұндай пікірдің астарында маңызды мәселе жатыр: мәдени және діни ерекшеліктерді сақтау қоғам мүшелерінің ортақ азаматтық жауапкершілігін жоққа шығармайды. Керісінше, әр адамның ел тарихына, тіліне, мәдениетіне және заңына құрметпен қарауы қоғамдық тұтастықтың берік болуына ықпал етеді.
Қалалық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Жаңбыршы Тілеуғабылов пікірталас кезінде ұлттық және діни бағыттағы мәселелерді шешуде қандай кедергілер бар екенін сұрады. Сұраққа жауап берген Мырзабек Тойғанов халықаралық деңгейдегі диалогтің маңызын атап өтті. Оның сөзінде Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі мысал ретінде айтылды. 2003 жылдан бері өткізіліп келе жатқан бұл съезд түрлі дін өкілдерінің өзара түсіністігін нығайтуға және жаһандық мәселелерді бейбіт жолмен талқылауға арналған халықаралық алаң саналады. Дегенмен келісімді сақтау тек халықаралық кездесулердің міндеті емес. Күнделікті өмірде жалған ақпаратқа ермеу, өзге көзқарасқа құрметпен қарау, қоғамдық мәселелерді заң аясында талқылау да маңызды.
Кездесуде Рудный қаласы Аналар кеңесінің мүшесі Юлия Ненашева да азаматтық жауапкершілік пен қоғамдық құндылықтар мәселесін көтерді. Ол қатысушыларды Қазақстанның жаңа Конституциясымен және Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөздері жинағымен таныстырды. Бұл бөлімде ел дамуы, азаматтардың қоғам алдындағы міндеті және ортақ құндылықтардың маңызына назар аударылды.

«Мемлекет басшысы алға қойған міндеттердің бірі – халықпен байланысты нығайтып, өңірлердегі азаматтармен өзара іс-қимылды дамыту. Біз халық пен ел басшылығы арасындағы байланысты қамтамасыз ететін буын ретінде адамдарды тыңдап, олардың ұсыныстары мен бастамаларын жинақтауымыз керек», – деп толықтырды Рафаил Гаджибалаев.
Рухани келісім – заңды құрметтеуден, өзге адамның құқығын мойындаудан, қоғам алдындағы жауапкершілікті сезінуден және ортақ елдің болашағына бейжай қарамаудан көрінеді. Рудныйдағы диалог алаңы да осы мәселелерді ашық талқылап, қоғамдық келісімді сақтауға әр азаматтың қосар үлесін еске салды.
Жанарай РҮСТЕМҚЫЗЫ,
суретті түсірген Сұлтан СЕРТАЕВ