Учаскелік полиция инспекторлары күн сайын түрлі «қоғамдық дерттерге» тап болады. Елдің тыныштығын қамтамасыз етіп, тәртіпті қадағалайтын учаскелік инспекторлардың жүктемесі көп, міндеті ауыр. Тұрғындардың қауіпсіздігін күзету үшін алтын уақытын сарп етіп жүрген жас инспектормен әңгімелесіп, қызметтің артықшылықтары мен кемшіліктері туралы сұраған едік.
Тұрғындар тыныштығын күзеткен уческелік полиция қызметі құқық бұзушылықтың алдын алатын негізгі буын. Ішкі істер органдары жүйесіндегі ең көпфункционалды қызметте Данияр Дуамбеков таяуда өз қызмет жолын бастаған. Бүгінде оның жұмысы Рудный қаласының № 7 учаскелік полиция бөлімшесінде өтуде.
«Мен орта мектепте оқып жүргенде үлкен немере ағам учаскелік инспектор болып жұмыс істеді. Осыдан соң мен дүниежүзілік тарих пәнін таңдап, болашағымды заңдық бағытпен байланыстырдым. Тоғызыншы сыныпты бітірген соң Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясына оқуға түсуді жоспарладым. ҰБТ-ны ойдағыдай тапсырып, 4 жыл бойы Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академия академиясында білім алдым. Кейін академияны үздік тәмамдаған соң Рудный қаласына жұмысқа орналасқым келді. Негізінде жоғары сыныптарда оқып жүргенде-ақ учаскелік полиция болсам деген арманым болды. Ағамның қасында еріп жүріп, бұл жұмыспен етене таныса бастадым», – деді Рудный қаласының учаскелік полиция инспекторы Данияр Дуамбеков.
Данияр оқуын «үздік бағаға» бітіріп, Рудный қаласына жіберіледі. Жас полицей алғашқы күні қызметтік мансабын бастағанда қобалжығанын жасырмайды. Десе де, әріптестерінің қолдауы арқасында сеніп тапсырылған салада тәжірибе жинақтап, ақырындап жұмысын жолға қоя бастады.
«Рудный қаласына практикаға келгеннен кейін жұмыс барысымен танысып, қылмыстармен бетпе бет келдім. Алғашқыда жұмыс кестесіне үйрену қиын болды. Өйткені, учаскелік инспекторлардың демалысы жоқ. Біз кешкі сағат 8:00-ден 11:00-ге дейін жұмыс істейміз, кейде учаскелік пункте түнеп қалып қоятын сәттер де болады. Әуелі командаға, басшылыққа, соның ішінде учаскелік полиция басшылығына алғысымды білдіремін. Рудный қаласының полиция бөлімі — ұйымшыл да тату. Жас қызметкер болып енді ғана жұмысқа кіріскенде қолдау көрсетті. Теория мен практиканың айырмашылығы ұшан теңіз. Біз 3 секцияға хаттамаларды дайындап, халықпен тығыз байланыста жұмыс істейміз»,-деді инспектор.
Данияр 15-шағын ауданның тыныштығын қадағалайды. Жергілікті тұрғындармен үнемі араласып, көмек сұрағандарға қол ұшын беруге әзір.
«Ең есте қаларлығы тәжірибе барысында бетпе бет келген оқиғалар деп ойлаймын. Мен тәжірбиеден өтіп жүргенімде «нәресте арбасы ұрланды» деген дабыл қағылды. Арбадан бөлек оның ішінде бағалы заттар, қаражат, құжаттар мен үйдің кілті де бар екен. Қызметкер ретінде жедел тергеу тобын шақыруға міндетті болдым. Бірақ оны күтпестен өзім жылдам шешім қабылдап, кішігірім тергеу жүргізуге кірістім. Осыдан соң барлық құнды заттарымен, құжаттарымен бірге арбаны тауып, иесіне қайтардық. Жедел тергеу тобы келгенше ұрылар қолға түсіп, қылмыс ашылды. Мұндай жағдайлар біздің қызметте жиі болып тұрады. Дей тұрғанмен ең алғашқы тәжірибеде бетпе бет келген сәттер мәңгі есте қалады», — деді Данияр Дуамбеков.
Осылайша, Даниярдың арқасында кінәлілер жауапқа тартылды. Қазіргі таңда учаскелік полиция қызметкерлері «Полиция жаяу қашықтықта» және «Қызмет үлгісі» қағидаттарын ұстанады. Бұл бағыттар қатарында учаскелік пункттерді, жылжымалы посттарды, материалдық-техникалық жарақтандыруды оңтайлы орналастыру, жедел әрекет етуді арттыру, сондай-ақ цифрлық технологияларды қолдану кіреді. Осы шарттардың барлығы бүгінде Рудный қаласында жасалған.
Зерде Жеңіс