Рудныйдағы Б.Майлин атындағы № 7 мектеп гимназиясында ұлттық спорт түрлерін дамыту және насихаттау, сондай-ақ отансүйгіштікке тәрбиелеу мақсатында «Садақ ату» сабақтары өткізіледі. Мергендік өнер қаншалықты пайдалы және оны қалай меңгеру керек? Садақшы қыз Аруна Сабитбекпен тілдескен едік.
Өткен жылы Қостанайда дәстүрлі садақ ату мектебі ашылды. Орталықтың ашылуына мұрындық болған — Аяулым Аппазова. Ал Рудный қаласында садақ ату сабақтары қалалық мектепте өтеді. Ересектер де, балалар да көне қарулармен жұмыс істеу дағдыларын меңгере алады.
«Мен осы мектепте 2020 жылдан бері жұмыс істеймін. Би аға мектебінде қазақтың ұлттық ойындары даму үстінде, оның ішінде асық ату, қазан доп, садақ ату – қазір өте танымал. Ұлан Бейсенбайұлы мектеп оқушыларын дайындаса, мен өзім жеке Қостанай қаласында ұстазым Аяулым Аппазовамен жаттығып жүрмін»,- дейді садақшы қыз Аруна Сабитбек.
Арунаның айтуынша, садақ ату сайысы мұғалімдермен қатар оқушылар арасында да өткізіледі. Айта кетерлігі, садақшы қыз тәжірибелі мерген, түрлі жарыстарда жеңістері жетерлік. Алдағы уақытта спортшы тау-кен саласында жұмыс істегісі келетіндердің барлығына садақ атудың тамаша шеберлігін үйретуді жоспарлап отыр.
«Ұстаздар арасында садақ атудан бірінші орын алып, Наурыз мейрамын тойлауға арналған жарыста кезекті жеңіске жеттім. Одан кейін республикалық және халықаралық жарыстарға қатыстым. Турнир Республикалық деңгейде Ақтау қаласында, халықаралық деңгейде Атырауда өтті. Осы екі жарыста жақсы нәтиже көрсеттік – Қостанай облысы қоржынында 1,2,3 жүлделі орындар бар»,- дейді садақшы қыз Аруна Сабитбек.
Дәстүрлі ұлттық садақтар техникалық толықтырулармен — жебе сөремен немесе тұрақтандырғышпен жабдықталған заманауи олимпиадалық садақтардан айтарлықтай ерекшеленеді. Ұлттық садақтар қарапайым, олар жылдам интуитивті қолмен ату үшін өткірленген.
«Турнирлерге қатысу үшін ұлттық киімдер мен ұлттық нышан міндетті шарт болып табылады. Сондай-ақ ағаш садақ болуы керек, оқтары да ағаштан жасалған болуы керек. Сонымен қатар, сақина, алқалар, т.б ұлттық зергерлік бұйымдардың болуы да маңызды. Ұлттық киім кию міндетті»,- деді мерген.
Садақшыларымыз Пута, Орта Азия, Жамба нысаналарының түрлерінен 30 метрден 70 метрге дейінгі қашықтықта жарыста бақ сынауда. Садақ ату арқа бұлшықеттерін дамытуға, омыртқаны нығайтуға, дене қалпын жақсартуға және көздің көру қабілетін жақсартуға ықпал етеді.
Зерде Жеңіс