Рудный мен Юбилейный газсыз қалмақ

1-15 тамыз аралығында қалаға газ беру толық тоқтатылады

Магистральді газ құбырындағы жоспарлы жөндеу жұмыстарына байланысты Рудный мен оған іргелес Юбилейный кентінде газ уақытша ажыратылады. Бұл жағдай қала тұрғындары үшін жаңа емес, мұндай шектеу 2021 жылдан бері жыл сайын қайталанып келеді. Осы кезеңде «ССКӨБ» АҚ-на қарасты жылу электр орталығы да ыстық су беруді тоқтатады.

 

Газ қосу мен өшіру кезең-кезеңімен жүзеге асады, ал толық қалпына келтіру жұмыстары бірнеше аптаға созылуы мүмкін. Газдың баламасы жоқ көпқабатты үйлер үшін бұл күрделі кезең болатыны анық.

«Интергаз Орталық Азия» АҚ таратқан ресми ақпаратқа сәйкес, магистральді газ құбырында жоспарланған жөндеу жұмыстары 1 тамызда басталып, 15 тамызға дейін жалғасады. Осы уақыт аралығында Рудный өңірінде газ толық өшіріледі. Бұл туралы «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ Рудный қалалық өндірістік филиалының директоры Асылбек Сартаев БАҚ өкілдеріне арналған брифинг барысында мәлімдеді.

1 тамыздан бастап Рудный қаласындағы коммуналдық және өндірістік нысандар газдан ажыратылып, 11 тамызда «Рудный» газ тарату станциясы толық тоқтайды. Бұл қала бойынша газбен қамтуды толықтай тоқтатуға алып келеді. Газ құбырлардан бірден емес, біртіндеп шығады. Сол себепті тұрғындардың бірі газдың тоқтағанын алғашқы күннен сезінсе, өзгелері оны кейінірек байқайды.

«Газ плитасының жұмысы тоқтағанын байқаған сәтте, бірден стояк кранды жауып қою қажет. Бұл газ қайта берілген кезде пәтер ішінің газдануына жол бермеу үшін маңызды қауіпсіздік шарасы», – деді «QAZAQG53AZ AIMAQ» АҚ Рудный өндірістік филиалының директоры Асылбек Сартаев.

Газ беру де бірден жүзеге аспайды. 15 тамыздан бастап газ құбырын үрлеп, қысыммен сынақтан өткізу жұмыстары басталады. Бұл кезең 3-4 күнге созылады. Одан кейін газ қаланың аудандарына кезең-кезеңмен беріледі. 2021 жылғы тәжірибеге сүйенсек, толық қосылу үш аптаға дейін созылуы мүмкін.

Бұқараны газбен қамтамасыз ететін баламалар шектеулі. Жеке сектор тұрғындары газ баллондарын қолдана алады, бірақ көпқабатты үйлер үшін бұл әдіске рұқсат жоқ. Электр құрылғылары уақытша шешім бола алады, алайда олардың жаппай қолданылуы электр желілеріне қосымша жүктеме түсіретіні айтылды.

Қаладағы 30 өндірістік және коммуналдық мекеме алдын ала дайындалып үлгерген. Қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Алмат Жіліспаевтың айтуынша, барлық кәсіпорындарға газдың тоқтайтыны туралы хабар берілген. «Арасан», «Лидер», наубайханалар сынды мекемелерде электр, дизель және бойлер сынды баламалар қарастырылған. Өндіріс процесі толық тоқтамайды, тек өнім ассортименті азаюы мүмкін.

Газды өшіру тек Рудныйға ғана емес, Юбилейный кентіне де қатысты болмақ. Ал басқа елді мекендерге қатысты ақпарат нақтылаудан кейін жария етіледі.

Рудный мен Юбилейныйда газдың уақытша тоқтатылуы жыл сайынғы қайталанатын құбылысқа айналып отыр. Тұрғындар мен кәсіпорындар жағдайға бейімделіп үлгергенімен, қолайсыздықтар болатыны сөзсіз. Электр жүйесіне түсетін салмақ пен ыстық судың болмауы қала өмірінің жайлылығын төмендетеді. Сондықтан тұрғындарға алдын ала қамдану осы кезеңнен сүрінбей өтудің жалғыз жолы.

 

Арай АХМЕТ,

суретті түсірген

Айбар БЕРІК

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *