Өнерлі өрге жүзеді

Домбыра – ұлттың жаны, тарихтың шежіресі

Үш жылдың ішінде Рудныйдағы «Алтын Домбыра» студиясы 200-ден астам жас домбырашыны тәрбиелеп, қазақ күйінің қоңыр үнін тек республикалық емес, халықаралық сахналарға да алып шықты. Бұл – бір шағын өнер ордасының табандылықпен, махаббатпен және ұлттық өнерге адалдықпен жазған жетістіктерінің шежіресі.

Ұлттық домбыра күні – шілде айының алғашқы жексенбісінде аталып өтеді. Бұл күні еліміздің түкпір-түкпірінде домбыраның үні күмбірлеп, халық күймен сусындайды. «Алтын Домбыра» студиясы жыл сайын осы мерекенің көркіне айналып, жүздеген көрермен алдында шәкірттерінің өнерін паш етеді. 2022 жылы ашылған студия бүгінде Рудныйдың мәдени өмірінде өзіндік орны бар шығармашылық орталыққа айналды.

Студияның негізін қалаушы әрі жетекшісі Назгүл Абайқызы – өнерге жаны құмар, күйдің қадірін сезетін жан.

«Жаз мезгілінде балаларды студияға жинап, қысқа уақытта үлкен жетістіктерге жеттік. Қазір оқушыларымыздың саны 200-ден асты. Мұғалімдеріміз де жеткілікті, барлығы да өз ісінің шебері. Біз тек Домбыра күнінде ғана емес, қаламыздағы барлық мәдени іс-шараларға қатысамыз. Мысалы, биылғы Наурыз мерекесінде алты киіз үй тігіліп, солардың әрқайсысында біздің ансамбль өнер көрсетті. Арнайы тігінші Роза апай әр балаға ұлттық нақыштағы сахналық костюм тігіп берді», – дейді ол.

Студияның әр оқушысы – жеке тағдыр, жеке тарих. Олардың домбырамен табысу сәттері әртүрлі, бірақ барлығын біріктіретін – өнерге деген шынайы махаббат.

«Домбырамен айналысып жүргеніме үш жылдан асты. Осы уақыт ішінде Түркияға жолдама ұтып, түрлі қалалардағы жарыстарға қатыстық. Қазір 20-ға жуық күй білемін. Басында домбыра ұнамады, анам алып келген еді. Бірақ басқа қалаға шығып, үлкен сахналарда өнер көрсеткен соң қызығушылығым артты. Қостанай, Шымкент, Ақтөбе, Астана қалаларында болдым. Барша балаға айтарым қазірден бастап домбырада ойнауды, күй тартуды үйреніңдер, тіпті YouTube арқылы үйренуге болады», – дейді жас күйші Нұрбек Келічев.

«Бұл студияға келгеніме 2,5 жыл болды. Қазір 10-ға жуық күй орындаймын. Рудныйдан бөлек, Түркістан, Шымкент, Ақтөбе қалаларында өткен байқауларға қатыстым. Сабақтар өте қызықты. Алғаш келгенде аса мән бермедім, бірақ басқа қалаларға барып, сахнаға шыққаннан кейін домбыраға деген сүйіспеншілігім артты. Сонымен қатар би үйірмесіне де қатысамын», – деп пікірін білдірді Ахмет Байтұрсынұлы атындағы №19 мектептің 10-сынып оқушысы Мадина Ботабаева.

«Бұған дейін «Сұңқар» үйірмесіне қатыстым. Кейін әкем осы студияға әкелді. Алғашқы сабақтарда қызығушылығым болмады, бірақ апайларымыздың көңілді мінезі, ұжымдағы достық қарым-қатынас мені баурап алды. Қазір «Ерке сылқым», «Аққу» секілді күйлерді орындаймын. Осы студияның арқасында Түркияға барып, аға екеуіміз Гран-при иегері атандық. Ел көріп, жаңа нәрсе үйрену – үлкен бақыт. Болашақта биохимия немесе стоматология саласында қызмет еткім келеді», – деп шынайы сезімін жеткізді А.Байтұрсынұлы атындағы №19 мектеп оқушысы Ақмаржан Байымбетова.

Студияға қабылдау «Damubala» бағдарламасы арқылы жүзеге асады. Қатысу үшін ата-ана тарапынан қажетті құжаттар тапсырылып, ережеге сай кезекке тұру қажет. Сабақтар аптасына үш рет өткізіліп, айына 12 сағатқа жалғасады.

«Алтын Домбыра» студиясы осы қоңыр үнді өшірмей, жас буынның жүрегіне жеткізіп, олардың өнерін биікке көтеріп келеді. Бұл ертеңгі рухани қазынаға қаланған берік іргетас.

 

Жанарай РҮСТЕМҚЫЗЫ,

суретті түсірген Айбар БЕРІК

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *