Еңбекке сүйенген өмір

Қарапайым еңбектің қадірін ұқтырған Мұхтар

Биыл Қазақстанға 3000-нан астам этникалық қазақ қоныс аударса, соның шамамен 400-ге жуығы Рудный қаласында тұрақтады. Жаңа ортаға бейімделіп, жаңа өмір бастаған қандастардың бірі – бүгінде қалалық ерікті мүмкіндігі шектеулі жандар қоғамында қарапайым жұмысшы болып еңбек етіп жүрген Мұхтар Оңғарұлы.

Өз денсаулығындағы шектеулеріне қарамастан, отбасымен бірге жаңа ортаға бейімделіп, маңдай терімен нәпақасын тауып жүрген азаматтың әңгімесі – көпке үлгі боларлық еңбекке адалдықтың көрінісі.

Мұхтардың айтуынша, Рудныйға көшіп келгеніне небәрі бес айдың жүзі болған. Бұған дейін Өзбекстанда тұрған ол жаңа қалада жұмыс іздеудің оңайға соқпағанын жасырмайды.

«Басқа жерде жұмыс табу қиын болды. Алғашқы жұмыс орным – осы. Қалаға келген соң ағам кеңес беріп, қоғамдаастықта жұмыс бар екенін айтты. Содан бастап осында еңбек етіп жүрмін», – дейді ол.

Жаңа қалада орнығу әркімге оңай шаруа емес, дегенмен адал еңбектің арқасында ол өз орнын тапқан. Жұмысы негізінен тазалау, аумақты жинау, шөп жұлу, қоқыс шығару сынды шаруаларға байланысты. Әдетте мұндай еңбек елене бермегенімен, күнделікті тұрмыстың, қаланың тазалығы мен тәртібінің ең басты кепілі – осы еңбектің нәтижесі.

Мұхтар Оңғарұлы үшін еңбек ететін орта да үлкен рөл атқарады. Ұжымда жеті-сегіз адам бар. Олар бір-бірімен жақсы қарым-қатынаста, әрдайым көмекке дайын.

«Басшылық жақсы қарайды, қолдау көрсетіп отырады. Жұмыс уақыты дұрыс ұйымдастырылған. Әріптестер арасында сыйластық бар, соның өзі көңілге қуаныш береді», – дейді ол.

Жұмыстың қарапайым көрінетініне қарамастан, құрылыс алаңындағы ауыр еңбектен кейін бұл жердің қадірін түсінгенін айтады. «Құрылыс алаңында жұмыс істемесем де, бақылап көрдім. Шынымды айтсам, ауыр жұмыстай көрінді. Ал мұндағы жұмыс жеңілдеу, әрі маған ұнайды. Сондықтан жұмысымды тастамаймын, әрі қарай жалғастырамын», – дейді Мұхтар.

35 жастағы қандасымыздың отбасы да осында. Ағасы, жеңгесі және әпкесімен бірге тұрып жатқан ол бос уақытын түгелдей жұмыс пен отбасының қамына арнайды. Денсаулығында белгілі бір шектеу болса да, ол мұны өзіне кедергі санамайды. Керісінше, еңбектің адамға күш-қуат беретінін, өмірді мәнді ететінін айтады.

Мұхтар үшін ең үлкен өнер – адал еңбек.

«Маған ең бастысы – тұрақты жұмыс. Бұл жерде бәрі жақсы. Еңбегіңді бағалайды, жалақыңды уақытылы аласың. Қаланың тазалығына үлес қосып жүргеніме де қуанамын», – дейді ол.

Мұхтар Оңғарұлының өмірі – еңбекке деген адалдық пен қарапайым тұрмыстың шынайы бейнесі. Ол денсаулығына байланысты қиындықтарға қарамастан, адал еңбек етіп, қоғамға пайдасын тигізіп отыр. Мұхтардың таңдауы – маңдай терімен тапқан адал наны. Оның айтуынша, «ең бастысы – жұмыс табу, отбасын асырау, елге пайда тигізу». Қандай істі атқарса да, шын жүректен, ниетпен істесе, ол еңбектің бәрі құрметке лайық.

 

Жанарай  РҮСТЕМҚЫЗЫ,

суретті түсірген

Айбар БЕРІК

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *