2025 жылдан бастап Қазақстанда азаматтардың кірістері мен мүлкін жаппай декларациялау жүйесі кезең-кезеңімен енгізілуде. Бұл бастаманың басты мақсаты – салық салуда әділдікті қамтамасыз ету, әлеуметтік саясатты жетілдіру, азаматтардың табыстары мен мүлкі бойынша ашықтық орнату, сондай-ақ көлеңкелі экономика мен сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету.
Жаппай декларациялау – әлемдік тәжірибеде қолданылып келе жатқан тетік. Ол қоғамдағы қаржылық тәртіпті нығайтып қана қоймай, мемлекет пен азамат арасындағы сенімді арттыруға бағытталған. Қазақстанда бұл жүйе төрт кезең бойынша жүзеге асырылып жатыр.
«Қазіргі таңда осы төрт кезең аясында жаппай декларациялау жүйесіне 25 мыңнан астам рудныйлық азамат қосылды. Олардың қатарында мемлекеттік қызметшілер, квазимемлекеттік сектор басшылары, бизнес өкілдері және олардың жұбайлары бар. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қалған санаттағы азаматтар – зейнеткерлер, үй шаруасындағы әйелдер, студенттер декларация тапсырудан босатылды. Тек елден тыс жерде активтері бар адамдар ғана декларация тапсыруға міндетті», – деді Рудный қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының салық төлеушілермен жұмыс бөлімі бас маманы Ануарбек Ахметов.
Жалақы, депозиттік сыйақы, зейнетақы төлемдері сияқты кіріс көзінен бірден салық ұсталған табыстар, сондай-ақ Қазақстан аумағында тіркелген мүлікті сатып алу, сату немесе сыйға алу деректері декларацияда көрсетілмейді. Сонымен қатар мүлікті сатып алуға жұмсалған қаражаттың көздері туралы мәліметті (270.00 нысаны) тек «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» ҚР Заңында белгіленген тұлғалар ғана көрсетуге міндетті.
«Бүгінгі таңда қалада 72%-дан астам декларант есеп тапсырған жоқ. Декларация тапсыруға міндетті 2300 басшы мен заңды тұлғалардың құрылтайшыларының, сондай-ақ жеке практикамен айналысатындардың (адвокаттар, нотариустар, жеке сот орындаушылары, медиаторлар) арасынан 640 адам есеп бермеген», – деді Ахметов.
15 қыркүйекке дейін декларация тапсырмаған тұрғындарға заңда бірқатар жауапкершілік шаралары қарастырылған. Атап айтқанда, алғаш рет декларация тапсырмағандарға ескерту жасалады, ал жыл ішінде қайталанған жағдайда 58 980 теңге көлемінде (15 АЕК) айыппұл салынады. Егер декларацияда толық емес не жалған мәлімет берілсе, алғашқы жағдайда да ескерту беріледі, ал қайталанса – 11 796 теңге (3 АЕК) айыппұл салынады (ҚР ӘҚБтК 272-бап). Сондай-ақ салық салу объектілерін әдейі жасырған жағдайда алғаш рет төленбеген салық сомасының 200 пайызы мөлшерінде айыппұл белгіленсе, қайталанған жағдайда бұл көрсеткіш 300 пайызға дейін ұлғаяды (ҚР ӘҚБтК 275-бап).
Сонымен қатар, жеке тұлғаларға 2024 жылға арналған мүлік салығын төлеудің соңғы мерзімі – 2025 жылдың 1 қазаны екенін ескертті. Басқарма мәліметінше, мүлік салығы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы айқындайтын салық салу объектілерінің құны мен меншік құқығы иеленген мерзімге байланысты есептеледі. Салық сомасы көрсетілген хабарламалар шілде айында меншік иелеріне жолданған, ал банктердің мобильді қосымшаларын пайдаланушыларға PUSH-хабарламалар арқылы жеткізілген.
2 қазаннан бастап мүлік салығын уақытылы төлемеген азаматтарға өсімпұл есептелетінін және берешек туралы хабарламалар жолданады. Ал 14 қарашадан бастап, берешек сомасы 1 АЕК-тен асқан жағдайда азаматтарға салықтық бұйрықтар жолданып, 5 жұмыс күні ішінде төленбесе, іс жеке сот орындаушыларына жіберіледі.
Сонымен қатар, 2024 жылғы 19 тамыздан бастап салықтық міндеттемелерді мәжбүрлеп орындатудың жеңілдетілген тәртібі күшіне енген. Егер берешек 20 АЕК-тен кем болса, ол автоматты түрде өндіріледі: банк шоттарына бұғат қойылады, мүлікке қатысты операциялар шектеледі. Бұл ретте жеке сот орындаушысының қызметін төлеу талап етілмейді. Азаматтар өздерінің салық берешегі туралы мәліметті e-Salyq Azamat қосымшасы немесе екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары арқылы тексере алады.
Мемлекеттік кірістер бсқармасы барлық тұрғындарды жеке сот орындаушыларға іс түспей тұрып, мүлік салығын уақытында төлеуге шақырды.
Арай АХМЕТ,
cуретті түсірген Милена ПОТОРОЧИНА