Өңіріміздің 800-ге жуық баласы жыл сайын «Қамқорлық» орталығында кәсіби оңалтудан өтеді

«Қамқорлық» оңалту орталығы 2020 жылы қалалық көпсалалы аурухана базасында ашылған болатын. Оның басты мақсаты – Қостанай облысындағы балалар мен жасөспірімдерге кешенді медициналық, әлеуметтік және психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету. Бүгінгі таңда орталық ұжымы бес жылға жуық уақыт бойы жарақаттан кейін, отадан соң немесе түрлі сырқаттардан кейінгі кезеңде балалардың денсаулығын қалпына келтіру мен олардың функционалдық мүмкіндіктерін арттыруға бағытталған жүйелі жұмысты жалғастырып келеді.

«Қамқорлық» орталығы алғашқы жылы-ақ шамамен 350 баланы қабылдады. Кейін бұл көрсеткіш айтарлықтай өсіп, жыл сайын мұнда 800-ге жуық бала оңалтудан өтеді. Қазіргі таңда орталықта екі жастан он жасқа дейінгі 30 бала ем қабылдап жатыр. Ал жаз мезгілінде ай сайын шамамен 80 пациентке оңалту қызметі көрсетіледі. Оңалту орталығына қабылданбас бұрын бала алдымен педиатрдың, кейін невропатологтың тексеруінен өтеді. Дәл осы маман медициналық көрсетілімдер бойынша «Қамқорлық» орталығына жолдама береді.
Пациенттердің шамамен 30-40 пайызы өңірдің өзге қалаларынан келеді. Балалар үшін жатын орын, тамақ және емдеу толығымен тегін. Ал оларды ертіп келген адамдарға да орын беріледі, алайда тамақтану шығындарын өздері көтереді. Орталық жанында тамақтану орны жұмыс істейді.

Жітіқара қаласынан Виктор Пышный 2021 жылдан бері қызын Рудныйдағы осы орталыққа тұрақты түрде оңалтуға алып келеді.

«Біздің баламыз туғаннан бері ДЦП диагнозымен өмір сүреді, сөйлеу қабілетінің дамуы да кешеуілдеген. «Қамқорлық» орталығы туралы дәл осындай диагноз қойылған балалардың ата-аналарынан естідік. 2021 жылдан бері жарты жыл сайын келіп тұрамыз. Соңғы екі жылда өз көлігімізбен қатынаймыз, оған дейін жолсерік тауып немесе таксимен келетінбіз. Мұнда қаладан келген балаларға арналған арнайы палаталар бар, әрқайсысына жеке орын қарастырылған. Жағдай жасалған, ем тегін. Мамандардың қолдауын, жаңа ұсыныстарын алып жүрміз. Қызымыздың жасы жетіде. Нәтиже бар, әсіресе алғашқы жылдары оң өзгерістер айқын байқалды. Әр оңалту курсы үш аптаға созылады. Соңында дәрігерлер ұсыныстар береді, біз үйде соларды міндетті түрде орындаймыз. Қызымызға оңалтудан қанша уақыт өту керектігін нақты айтқан ешкім жоқ, дегенмен қазір оң динамика бар, сондықтан әрі қарай да осында келуді жоспарлап отырмыз», – дейді Виктор Пышный.

Әр балаға емдеу курсы жеке белгіленеді және орта есеппен екі-үш аптаға созылады. Сабақтардың әрқайсысы 20 минуттан өтеді.
Орталықта 44 қызметкер жұмыс істейді, оның 18-і – салалық мамандар: логопедтер, дефектологтар, психологтар, еңбек терапиясы нұсқаушысы, эрготерапевттер, тәрбиешілер, емдік дене шынықтыру нұсқаушысы. Олар медицина мен педагогика бағыттарын біріктірген біртұтас команда.
Алғашқы қабылдау кезінде реабилитолог-дәрігер әр балаға арналған жеке бағдарлама түзеді. Орталықтағы барлық маман мен кабинетке сұраныс жоғары, себебі мұнда кешенді оңалту жүргізіледі.

«Балалардың дамуындағы оң өзгерістер кезең-кезеңімен байқалады. Кейбірі орталыққа алғаш келгенде ғана еңбектеуді үйренсе, енді бірі алғаш рет жүріс құралымен тұрған, тағы бірі тірекке сүйеніп тұруға мүмкіндік алған жағдайлар кездеседі. Оңалтудың ең маңызды қағидаларының бірі – үзбей ем қабылдау. Сондықтан әр курстан кейін ата-аналарға үйде де жаттығуларды жалғастыру керектігін айтамыз. Күніне 15-20 минут ойын түрінде жаттығу жасау жеткілікті. Логопедтердің кеңесі бойынша, үйде балаларға міндетті түрде қатты тағам беру керек. Бізге жиі «блендерленген тамаққа үйренген» балалар келеді, олар тек пюреге дағдыланып қалған болады», – дейді қалпына келтіру және оңалту бөлімінің меңгерушісі, реабилитолог-дәрігер Салима Бекболатова.

Баланың дамуы бірнеше кезеңнен тұрады. Бір жасқа дейін сәби қоршаған ортамен танысып, еңбектеуді, жүруді үйренеді, ата-анасымен және ересектермен алғашқы қарым-қатынас орнатады. Осы уақытта сөйлеу дағдылары мен заттармен ойнау қабілеті қалыптаса бастайды.

Үш жасқа дейін бала сенімді жүріп, жүгіріп, секіре алады, сөйлеп, сұрақ қойып үйренеді. Бұл кезеңде негізгі қызмет түрі – ойын. Үш пен бес жас аралығында баланың интеллекті, сөйлеу және эмоциялық саласы белсенді дамиды. Бұл жаста құрдастарымен қарым-қатынасқа деген қажеттілік артады.

Бес пен жеті жас арасында балада сөйлеу дағдылары толық қалыптасуы тиіс. Осы кезеңде пікір айту, қорытынды жасау қабілеті дамиды, есте сақтау мен назар шоғырландыру артады. Балалар рөлдік ойындар ойнап, оқу, жазу, санау дағдыларын меңгереді.

Оңалту кезеңінің барлық уақытында баланың әлеуметтік бейімделуіне реабилитолог-дәрігер қатысады. Бұл маманның басты міндеттеріне баланың денсаулық жағдайын бағалау, функционалдық бұзылыстардың дәрежесін анықтау, оңалту тәсілдерінің тиімділігіне ықпал етуі мүмкін қауіп факторларын айқындау жатады. Дәрігер тексеру нәтижелері негізінде жеке оңалту бағдарламасын әзірлейді, қажет болған жағдайда дәрілік терапия жоспарын, психологиялық қолдау, физиотерапия және басқа да емдеу тәсілдерін белгілейді.

«Ең жиі кездесетін диагноздар – Даун синдромы, ДЦП, сөйлеу және психо-сөйлеу дамуының кешеуілдеуі. Біз көбіне екіден төрт жасқа дейінгі балалармен жұмыс істейміз. Оңалту кешеніне кинезитерапия (емдік дене шынықтыру), физиотерапия, педагогтермен сабақтар кіреді. Күнделікті бақылау жүргізіліп, баланың даму динамикасы бағаланады. Курстан соң ата-аналарға қажетті ұсынымдар беріледі. Көбіне қайтадан оңалтуға келуді ұсынамыз. Ата-аналарға педагогтердің кеңестерін міндетті түрде ұстануды ескертеміз, әйтпесе оң нәтиже болмайды», – дейді қалалық көпсалалы аурухананың оңалту және қалпына келтіру бөлімінің реабилитолог-дәрігері Дина Қайкенова.

«Баламен жүйелі түрде айналысыңыздар. Гаджеттерді шетке қойып, балаға күніне 10–15 минут уақытыңызды арнаңыздар. Бірге жаттығу жасап, сурет салыңыздар. Бала сурет салып болған соң жай ғана «жарайсың» деп қоймай, оның жұмысына назар аударыңыз: күнді қалай бейнелегенін, сары түсті қалай таңдағанын талқылаңыз. Осындай ықылас пен көңіл бөлу өте маңызды. Бұған маман болудың қажеті жоқ», – деп бөлім меңгерушісі Салима Бекболатова да балалардың оңалту үдерісінде ата-аналардың рөлі айрықша маңызды екенін атап өтті.

Салима Бекболатованың айтуынша, орталық ұжымы мереке күндері оңалту кезеңі сәйкес келген балаларды шағын сыйлықтармен қуантқысы келеді. Алайда мұндай мақсатқа мекеме қаржысы қарастырылмаған. Сондықтан дәрігерлер мен педагогтер үшін сенімді серіктес бола алатын демеушілер табылса деген ниет бар.

Гүлім МҰРАТ, Суретті түсірген Айбар БЕРІК

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *